Маңғыстаулық шенеуніктердің кесірінен 100 мыңнан астам адам баспана жеңілдігін ала алмай келген
Маңғыстауда жүз мыңнан астам тұрғын заңсыз түрде баспана жеңілдігінен қағылып келген, деп хабарлайды Politico.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасы өңірдегі нормативтік құқықтық актілерге жүргізілген мониторинг барысында өрескел заң бұзушылықты анықтады. Жергілікті билік органдарының салғырттығынан халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар тиісті мемлекеттік қолдаудан тыс қалған.
Мәселенің мәнісі мынада жатыр. Облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 25 қазандағы шешімімен тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың тізімі мен мөлшері бекітілген болатын. Бұл әлеуметтік көмек баспаналы болуды көздейтін мемлекеттік бағдарламалар аясында бастапқы жарнаны өтеуге немесе үй құнының бір бөлігін жабуға арналған.
Өткен жылы республикалық деңгейдегі заңнамаға өзгерістер енгізіліп көмек алуға құқылы санаттар саны 2-ден 12-ге дейін ұлғайтылған еді. Алайда жергілікті атқарушы органдар бұл жаңашылдықты ескермей ескі құжатқа тиісті түзетулер енгізбеген. Осы олқылықтың салдарынан 100 мыңнан астам тұрғын заңды жеңілдіктерін пайдалана алмай тығырыққа тірелген.
Қадағалаушы орган тарапынан актілерді заңға сәйкестендіру туралы наразылық енгізілді. Нәтижесінде қалалық және аудандық мәслихаттардың шешімдері қолданыстағы заңнама талаптарына сай өзгертіліп мұқтаж жандардың бұзылған құқықтары толық қалпына келтірілді.
Соңғы жаңалықтар