“Мас болғанын жасыруға тырысқан”: Алматыдағы Zeekr жүргізушісін арашалаған достары түрмеге түсуі мүмкін
Алматыдағы адам өліміне әкелген жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа дерек шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Әл-Фараби даңғылында жоғары жылдамдықпен келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен Zeekr жүргізушісінің достары жалған куәлік берді деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметінше, екі ай бұрын болған қайғылы оқиға кезінде Zeekr көлігінің жүргізушісі мас күйде болған. Ол жалған нөмір тағып, көлігін сағатына 219 шақырым жылдамдыққа дейін үдеткен. Нәтижесінде қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысып, 29 жастағы жүргізуші мен оның 20 және 22 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Апаттан кейін күдіктінің достары алғашқы жауаптарында жүргізушінің спирттік ішімдік ішпегенін айтқан. Алайда сараптама қорытындысы оның қанынан 1,3 промилле алкоголь табылғанын көрсетті. Сонымен қатар тергеушілер компания демалған мекеменің түбіртектерін алып, онда алкогольдік сусындарға тапсырыс берілгенін анықтаған.
Осыған байланысты жалған айғақ беру фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалды. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, оларды алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Ал негізгі іс бойынша сот процесі жалғасуда. Сот барысында қаза тапқан екі қыздың туыстары жүргізушіні кешіретіндерін айтып, оның материалдық және моральдық шығынды толық өтегенін мәлімдеді. Олар соттан күдіктіні бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Соңғы жаңалықтар