Шымкентте есірткі іздеген полицейлер өз әріптесін тапты
Шымкентте есірткіге қатысты тексеріс кезінде полиция қызметкері ұсталды. Ол есірткі табылған қызметтік көліктің тізгінінде болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері нөмірі жоқ «Киа» автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полиция көлігіне соғылып, қашуға әрекеттенген.
Көлікті арнайы жасақ қызметкерлерінің көмегімен тоқтатқан. Рөлде Шымкенттің Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкері отырған. Салонда тағы екі адам болған.
Козачковтың жазуынша, «Киа» қызметтік көлік болып шыққан. Ол аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасарына бекітілген.
Көлікті тінту кезінде қара таспамен оралған пакет табылған. Кейін сараптама оның ішінде шамамен 3 грамм мефедрон болғанын анықтаған.
Politico.kz осы жағдайға қатысты Шымкент полиция департаментінен түсініктеме сұрады.
Ведомство ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы есірткіні заңсыз сақтау дерегін анықтағанын растады.
«Көлікте азаматтық тұлғалармен бірге аудандық полиция бөлімшелерінің бірінің қызметкері болғаны анықталды. Аталған қызметкер теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды», деді полициядан.
Полицияның мәліметінше, қазір тергеу жүріп жатыр. Бұрынғы қызметкердің әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Козачковтың мәліметінше, қылмыстық іс «лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» және «есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау» деректері бойынша тергеліп жатыр.
Айта кетейік, Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ұстаған блогердің соты өтіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар