Павлодар облысының бас әскери комиссары Бекзат Оразов қызметіне қайта оралды
Павлодар облысының бас әскери комиссары Бекзат Оразовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ол бұрынғы қызметіне қайта тағайындалды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Бекзат Оразовтың тергеуге алынғаны 2026 жылғы ақпанда белгілі болды. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Сол кезде Қорғаныс министрлігі қылмыстық істі ҰҚК-нің Павлодар облыстық департаменті тергеп жатқанын хабарлаған.
Қорғаныс министрлігі Оразовқа қатысты қызметтік тексеріс жүргізді. 6 ақпанда ол Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы қызметінен босатылды.
Министрліктің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанда және түпкілікті процестік шешім қабылданғанға дейін Оразов ведомство қарамағында болған.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі «2026 жылғы 26 маусымда подполковник Бекзат Оразовтың іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. 24 тамыздан бастап ол Павлодар облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы лауазымына қайта тағайындалып, әскери қызметін жалғастырып жатыр» деп хабарлады.
Ведомство Оразовтың нақты қандай әрекеті үшін күдікке ілінгенін және тергеуге не себеп болғанын ашып айтпады.
Бекзат Оразов Павлодар облысының бас әскери комиссары қызметіне алғаш рет 2023 жылғы қыркүйекте тағайындалған.
Соңғы жаңалықтар