Каспийге Аралдың күні тумасын: Тоқаев әлемге үн қатты

Каспийге Аралдың күні тумасын: Тоқаев әлемге үн қатты
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен Биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі COP17 саммитінде Каспий теңізінің экологиялық жағдайына назар аударды. Мемлекет басшысы теңізді сақтап қалу үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бакудегі келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен Биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі COP17 саммитіне қатысты.

Мұнда Мемлекет басшысы Қазақстанның экологиялық саясатына тоқталып, табиғатты қорғау мәселесінің мемлекеттік деңгейдегі маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясында жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру негізгі қағидаттардың бірі ретінде бекітілген. Табиғатқа жанашырлық таныту азаматтардың міндетіне, ал қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің мақсатына айналған.

Осы орайда ол «Таза Қазақстан» бастамасына ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл бастама біртіндеп жалпыұлттық идеологияға айналып, қазақстандықтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал етіп келеді.

Президент Қазақстанда сирек кездесетін жануарларды қорғау бағытында атқарылған жұмыстарды да мысалға келтірді.

Бір кездері жойылып кету қаупі төнген киік бүгінде Қазақстан даласында қайта көбейіп келеді.

Мемлекет басшысы келтірген мәліметке сәйкес, елдегі киік саны 4,7 миллион басқа жеткен.

Ал осы ғасырдың басында бұл жануар жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған еді. Қазір әлемдегі киік популяциясының басым бөлігі Қазақстанда мекендейді.

Қар барысын сақтауда да оң өзгерістер бар. Өткен ғасырдың соңында саны күрт азайған бұл сирек жыртқыштың популяциясы бүгінде шамамен 190 басқа жеткен. Оның мекендейтін аумақтарының басым бөлігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кіреді.

Қазақстан басқа да сирек жануарларды табиғатқа қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Президенттің айтуынша, шілде айында 70 жылдан кейін алғаш рет Тұран жолбарысы Қазақстанның жабайы табиғатына жіберілді.

Бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры және өзге де халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ Қазақстан чех, неміс және мажар мамандарымен бірге Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтірумен айналысып жатыр.

Еревандағы саммитте көтерілген ең өзекті мәселелердің бірі Каспий теңізінің тағдыры болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз экожүйесіне төніп тұрған қауіпке халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.

Кезінде Каспийде шамамен бір миллион итбалық мекендеген. Алайда соңғы жүз жылда олардың саны күрт азайып, шамамен 270 мыңға дейін түскен.

Президент Каспий маңындағы мемлекеттерді және халықаралық ұйымдарды теңізді сақтап қалу үшін бірлескен жұмысты күшейтуге шақырды.

«Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет», – деді Мемлекет басшысы Арал теңізінің қасіретін еске алып.

Шынында да, Аралдың тартылуы табиғи апаттың бір елдің шекарасымен шектелмейтінін көрсетті. Каспийдегі экологиялық өзгерістер де теңіз жағалауындағы барлық мемлекетке ортақ мәселе.

Сондықтан Қазақстан сирек кездесетін жануарларды қорғау және биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі Халықаралық қор құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы шетелдік серіктестерді осы бастамаға қосылуға шақырды.

Сонымен бірге Қазақстан Биологиялық әртүрлілік туралы конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еревандағы сөзінде шөлейттену мен су тапшылығы әлемдегі тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

Оның пікірінше, табиғатты қорғау мәселесі мемлекеттер арасындағы саяси келіспеушіліктерден жоғары тұруы тиіс.

Президенттің Баку мен Еревандағы кездесулерінде қозғалған мәселелер бір-бірінен бөлек көрінгенімен, олардың ортақ тұсы бар. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де, халықаралық тұрақтылықты сақтау да, табиғатты қорғау да мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын қажет етеді.

Қазақстан осы бағыттарда Катар және Израильмен экономикалық байланысты кеңейтуге, ал экология саласында халықаралық серіктестермен бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті.

Арал теңізінің тағдыры табиғатқа төнген қатерге дер кезінде назар аударудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Ендігі міндет – Каспийдің сондай жағдайға тап болуына жол бермеу.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу