Мас күйінде рөлге отырған шенеунік қызметінен босатылмақ
Павлодар облыстық Әдеп жөніндегі кеңесі Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Айдын Қояғановты жұмыстан босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы департаменті жинақтаған іс құжаттары кеңес мүшелерінің қарауына ұсынылды. Отырыс қорытындысы бойынша тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Айдын Төлегенұлы Қояғановты қызметінен босату туралы шешім қабылдады.
Тәртіптік істің қозғалуына 2025 жылдың 14 желтоқсанында болған оқиға себеп болды. Таңғы сағат 04:40 шамасында полиция қызметкерлері Энергетиктер көшесіндегі 66-үйдің маңында Mercedes-Benz E240 маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеріс барысында рөлде отырған 1987 жылы туған азаматтың ішімдік ішкені белгілі болды. Жүргізушінің жеке басын анықтау кезінде оның қалалық әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемеде басшылық қызметте екені расталды.
Шенеунікке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Сол күні өткен жедел сот отырысында судья Айдын Төлегенұлын кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алу және жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Қамау мерзімі 14 желтоқсан таңғы сағат 06:20-дан бастап есептелді. Сот шешіміне сәйкес оның 2017 жылы алған жүргізуші куәлігі ішкі істер органдарына тапсырылды, ал тәркіленген көлік иесіне қайтарылды.
Отырыс барысында Қояғанов қатесін мойындап, жұмыста қалдыруды сұрады.
«Сол күні үйде баламның дене қызуы көтеріліп, дәрі-дәрмек қажет болды. Дәріханаға тездетіп барғым келді. Такси шақыра алмаған соң өзім көлікпен барып келуді жөн көрдім. Отырыстан енді ғана шыққан едім, аулаға кіре бергенде полиция қызметкерлері тоқтатып, ұстап алды. Үйдің жалғыз асыраушысы мен едім», – деді Айдын Қояғанов.
Алайда көпшілік дауыспен Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Айдын Қояғановты қызметінен босату туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, жақында Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья Әсел Досаева қызметінен босатылған болатын.
Соңғы жаңалықтар