Мәскеуде Орал тұрғынын ұрып-соғып, күштеп майданға жібермек болған
Мәскеуге нәпақа табуға барған Орал қаласының тұрғыны Жазылбек Әжғалиевтің айтуынша, ресейлік полиция оны үш күн бойы қамап, ұрып-соғып, Украинадағы соғысқа аттануға келісім беруге мәжбүрлеген, деп хабарлайды «Орал Апталығы» басылымы.
Бұл туралы әлеуметтік желіде жәбірленушінің әпкесі Маруа Ескендірова хабарлады. Оның сөзінше, Жазылбек пен оның бауыры Батырбек былтырғы желтоқсан айында отбасын асырау қамымен Ресей астанасына жұмыс іздеп аттанған. Артында үш баласы мен мойнында екі несиесі бар азамат «Три сестры» клиникасына медбике болып жұмысқа орналасып үлгерген екен.

Оқиға 2026 жылдың қаңтар айының ортасында өрбіген. 18 қаңтар күні Жазылбекке Сахаровтағы көші-қон орталығынан хабарласып, құжаттары дайын екенін айтқан. Ертесіне, 19 қаңтарда таңғы сағат 06:00-де ол такси шақырып, орталыққа жол тартады. Алайда, бір сағаттан кейін телефоны сөніп, ізім-ғайым жоғалып кетеді.
Бауырын іздеген Батырбек Мәскеу полициясына жүгінгенмен, тәртіп сақшылары «іздеу жұмыстары тек үш күннен кейін басталады» деп шығарып салған. Ал Оралдағы туыстары жергілікті полицияға арыз түсірген.
Тек 22 қаңтар күні таңертең Жазылбек Алматы әуежайынан байланысқа шығып, басынан өткен зобалаңды баяндап берген.
«Ол қатты есеңгіреп қалған. Айтуынша, көші-қон орталығына барғанда оны полицейлер ұстап алып, электрошокер қолданған. Басына қап кигізіп, белгісіз бөлімшеге алып барған. Сол жерде үш күн бойы аяусыз ұрып-соққан», – дейді Маруа Ескендірова.
Жәбірленушінің сөзінше, қамауда болған үш күн ішінде оған әскери комиссариат өкілдері бірнеше рет келіп, «арнайы әскери операцияға» (СВО) қатысу туралы келісімшартқа қол қоюды талап еткен. Алайда, отандасымыз қысымға қарамастан, бас тартқан.
«Ол әскерилерге: «Мені өлтірсеңдер де, бұл құжатқа қол қоймаймын» деп айтыпты. Тек Қазақстанға депортациялауды талап еткен», – деп жеткізді әпкесі.
Абырой болғанда, 21 қаңтарға қараған түні Жазылбекті Ресей аумағынан шығарып, Алматыға ұшақпен жіберген. Енді оған көрші елге кіруге 5 жылға тыйым салынды.
Қазіргі таңда жәбірленушінің туыстары Қазақстанның құзырлы органдарынан көмек сұрап отыр. Олар Ресей полициясы мен әскерилерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты ресми реакция білдіруді және отандасымыздың құқығын қорғауды талап етуде.
Соңғы жаңалықтар