Мәулен Әшімбаевқа аса жауапты қызмет бұйырды: Оны кім ұсынды?

02.10.2026 • 10:47 Әсел МҰРАТ
Мәулен Әшімбаевқа аса жауапты қызмет бұйырды: Оны кім ұсынды?
547
Фото: ашық дереккөз

Мәулен Әшімбаев Заид атындағы беделді халықаралық сыйлықтың Қазылар алқасына сайланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Парламенті сенатының төрағасы болған Мәулен Әшімбаев Адамзат бауырластығы үшін берілетін Заид атындағы беделді халықаралық сыйлықтың Қазылар алқасының (Judging Committee) құрамына кірді. Оның кандидатурасын әл-Азхардың Бас имамы Ахмед ат-Тайеб ұсынды.

Марапаттың тарихы мен миссиясы

Аталған жаһандық гуманитарлық сыйлық 2019 жылы тағайындалған. Оған әл-Азхардың Бас имамы Ахмед ат-Тайеб пен Рим Папасы Францисктің кездесуі және оның нәтижесінде қабылданған тарихи «Адамзат бауырластығы туралы құжат» негіз болды. Сыйлық БАӘ негізін қалаушы шейх Заид бин Сұлтан Әл Нахаянның құрметіне аталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы марапаттау салтанатына жолдаған үндеуінде бұл бастама толеранттылық, өзара құрмет пен бейбіт қатар өмір сүру сынды мәңгілік мұраттарды көздейтінін ерекше атап өткен еді.

Қазылар алқасының міндеті

Қазылар құрамының негізгі міндеті – адамзат арасындағы бауырластық пен бейбітшілік идеяларын ілгерілетуге айрықша үлес қосқан, бүкіл әлем қоғамына өнеге боларлық тұлғалар мен ұйымдарды іріктеп, анықтау.

Сыйлықтың Ұйымдастыру комитеті жолдаған ресми хатта Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанның әлемдік аренада өркениеттер мен діндер арасында алтын көпірге айналған беделді диалог алаңы ретінде берік орныққаны көрсетілген.

Сарапшылардың пікірінше, Қазылар алқасына Қазақстан өкілінің енуі – еліміздің жаһандық деңгейдегі конфессияаралық келісімді, мәдениеттер үндестігін және бейбіт қатар өмір сүру бастамаларын нығайтуға қосып келе жатқан зор үлесінің халықаралық мойындалуы.

Войдите, чтобы оставить комментарий