«Әдейі өлтірді»: Аңшылықта қаза тапқан азаматтың жесірі эксгумация жасауды талап етті
Жамбыл облысында аңшылық кезінде қаза тапқан марқұмның денесін қазып алып, сараптама жүргізуге оның ата-анасы қарсылық білдірді. Тәртіп сақшылары зират басына келгенімен, туыстары қабірді қаздырмай қойды, деп хабарлайды Politico.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, қайғылы оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Серік Көбесов екі туысымен бірге Байзақ ауданына аң аулауға шығып, сол сапардан қайтып оралмаған. Полиция бұл деректі «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабы бойынша тергеп, бірнеше айдан кейін істі жауып тастаған болатын. Ал оқ атқан адам — марқұмның күйеубаласы рақымшылыққа (амнистияға) ілігіп, жауапкершіліктен босатылған. Ол кезде марқұмның ата-анасы бұған еш наразылық білдірмеген.
«Көлік ылдида тұрған, сыртқа шыққанда есік тарс жабылып, мылтықтың дүміне тиген. Сол сәтте атылып кетіп, оқ оның көкбауыры мен өкпесін жарақаттаған. Өкпесіне қан толып, тұншығып, сол жерде тіл тартпай кетті. Біз ұлымыздың денесін қазып алуға түбегейлі қарсымыз. Тым болмаса о дүниеде тыныш жатсын», – дейді әкесі Әлмұрат Көбесов.
Мәйітке қайта сараптама (эксгумация) жүргізуге марқұмның жұбайы қол жеткізген. Алайда қайын атасы мен енесі келіндерінің бұл әрекетін «мүлікке таласу» деп бағалап отыр.
«Көлікті бердік, Алматыдағы екі пәтерді де бердік. Үлкен ұлы сонда оқып, тұрып жатыр. Кіші ұлы үш жасынан бері бізбен бірге, осында мектепке барады. Бастапқыда келісіп еді, үш күннен соң Тараздағы пәтерді өз атына жаздырып беруді талап етіп бопсалады. Әйтпесе, істі қайта қозғатып, "әдейі өлтірді" деп арызданамын деп қорқытты», – дейді марқұмның анасы Минаш Смағамбетова.
Ал марқұмның жесірі Мария Көбесова керісінше, барлық мәселе қаржы мен бизнеске тіреліп тұрғанын алға тартады. Оның айтуынша, сол кезеңде отбасы бизнесті бөлісіп жатқан әрі күйеуі өз үлесін талап еткен. Сонымен қатар келіншек өзінің де көзін жоймақ болды деп күдіктенеді: тергеу кезінде оқиға орнында дәл сол көлік ішіндегі айғақтарымен, қаруымен және өзімен бірге өртеніп кеткен.
«Егер бұл жазатайым оқиға болса, қазір мұндай жағдай туындамас еді. Денеге бірде-бір сараптама заңды түрде жасалмады. Тіпті ситуациялық сараптама жүргізіліп жатқанда жарылыс болып, барлық айғақ жойылды, көлік жарылып кетті, өзім әзер аман қалдым. Мұның бәрі — дүниеқоңыздықтан», – дейді жесір қалған келіншек.
Облыстық полиция департаменті бір жыл бұрынғы қылмыстық істің қайта қозғалғанын және эксгумация тергеу үшін қажетті шара екенін растады:
«Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Жәбірленуші тараптың арызына сәйкес, қосымша тергеу амалдары, соның ішінде мәйітті эксгумациялау жүргізілуде», – деп хабарлады Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Дегенмен Серік Көбесовтің денесін қазып алу әзірге мүмкін болмады. Ата-анасы бұл әрекетке қарсы шағым түсіріп үлгерген, енді соттың қайта шығаратын шешімін күтуде. Сонымен бірге құзырлы органдар істегі айғақтарды жою және сараптама қорытындысын бұрмалау фактілері бойынша да қосымша тергеу жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар