Мектеп бітіру кешінде сыныптасына шампур тығып өлтірген жасөспірім сұхбат берді

03.08.2026 11:35 Мөлдір ҚАЙНАР
Мектеп бітіру кешінде сыныптасына шампур тығып өлтірген жасөспірім сұхбат берді
868
Фото: коллаж POLITICO.KZ

Алматы облысында мектеп бітіру кешінде сыныптасы Әлібидің өліміне кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған жасөспірім оқиға болған күнді және қамаудағы өмірін айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.

Оның айтуынша, соңғы қоңыраудан кейін түлектер көлік жалдап, кортежбен жүріп, кейін жалға алынған үйде мектеп бітіру кешін атап өткен.

«Таңғы тоғыздар шамасында мектепке бардық. Соңғы қоңыраудан кейін көлік жалдап, кортежбен жүрдік. Кейін үй жалдап, тойладық. Ішімдік іштік», – деді ол.

Жасөспірімнің сөзінше, кешке былтырғы мектеп түлектері де келген. Біраз уақыттан кейін жастар арасында жанжал шығып, қайғылы оқиға болған.

«Алдымен басқалар ерегісіп жатқан еді. Кейін өз арамызда да жанжал басталды. Жанымда қайтыс болған досым болды, ол мені ажыратып жүрген еді. Сол кезде шампур оған кіріп кетті», – деді сотталушы.

Ол марқұм Әлібимен бесінші сыныптан бері бірге оқығанын айтып, болған жағдайға өкінетінін жеткізді.

Қазір жазасын өтеп жатқан жасөспірім ең үлкен қорқынышы ата-анасының қартайып кетуі екенін айтты.

«Маған берілген жаза ұзақ. Түрмеден шыққанша әке-шешем қартайып қала ма деп қорқамын. Күндер тез өтсе екен дейміз», – деді ол.

Сотталған жасөспірім қамауға алғаш түскендегі күйін де еске алды.

«Алғаш түскен кезде жүрегім қатты соғып, кеудем қысылатын. Қатты қорқатынмын. Үш-төрт айдан кейін ол сезім басылды. Алғашында есік ашылса болды, оянып кететінбіз», – деді ол.

Сұхбат барысында ол анасымен видеоқоңырау арқылы сөйлесіп, отбасын қатты сағынғанын айтты.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында Алматы облысының Долан ауылында болған. Мектеп бітіру кешінде 17 жастағы Әліби кәуап пісіретін шампурдан жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Сот жасөспірімді кәмелетке толмаған адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім кейін өзгеріссіз қалдырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий