«Мектептің маңында жүр»: ШҚО тұрғындары жыртқыш аңның қала ішінде жүргеніне алаңдаулы

08.10.2026 • 21:31 Қарақат АСЫЛОВА
 «Мектептің маңында жүр»: ШҚО тұрғындары жыртқыш аңның қала ішінде жүргеніне алаңдаулы
307
Ашық дереккөз

Риддер тұрғындары қала ішінде аюлардың қайта-қайта пайда болуына алаңдап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жабайы жануарлар тұрғын үйлердің маңында, тіпті мектепке жақын аумақта жүргені байқалған.

Куәгерлердің айтуынша, түнгі уақытта аю мен оның бөлтірі жеке үйлердің бірінің ауласында жүрген. Оларды ит қумақ болғанымен, жыртқыштар қоршаудан асып, жақын маңдағы дүкен бағытына қарай кеткен.

Кейін тұрғындар тағы екі аюды қаланың басқа көшесінен көрген. Бұл аумақ Республика алаңы мен Тәуелсіздік даңғылына жақын орналасқан. Бұған дейін жануарлардың №12 жаңа мектеп жаққа қарай жүргені де байқалған. Кейінірек аюдың екі бөлтірігімен бірге жүрген сәті видеоға түсіп қалған.

Тұрғындардың хабарламаларынан кейін оқиға орнына ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағының мамандары барған.

Қазір инспекторлар аюлардың қозғалысын бақылап, оларды қала аумағынан шығару үшін үркіту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жасақ басшысы Ермек Багланұлының айтуынша, Риддерде ауа райы бұзылып, жақын күндері қар жаууы күтіледі. Оның сөзінше, алғашқы қар түскеннен кейін аюлар індеріне жақындай бастайды. Мамандардың болжамынша, шамамен екі аптадан соң жануарлар тауға қарай кетеді.

«Аюлар індерін дайындай бастайды. Бір ай немесе бір жарым ай шамасында қысқы ұйқыға жатады», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий