Мемлекетке қайтқан миллиардтар мен бұғатталған шоттар: Бас прокуратура жарты жылда не бітірді

24.06.2026 15:58 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Мемлекетке қайтқан миллиардтар мен бұғатталған шоттар: Бас прокуратура жарты жылда не бітірді
195
Фото: Бас прокуратура

Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы алты айында қылмыс деңгейі төмендеп, мемлекет қазынасына жүздеген миллиард теңге қайтарылды, деп хабарлайды Politico.kz Қазақстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен алқа отырысында қадағалау органының биылғы негізгі жетістіктері талқыланды. Жиын барысында заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқығын қорғау басты назарда екені айтылды.

"Қазіргі уақытта елімізде ауқымды реформалар жүргізілуде. Жаңа Конституция адам құқықтарының кепілдіктерін едәуір күшейтіп, оларды қорғау тетіктерін кеңейтті. Прокуратура конституциялық реформалардың негізгі мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосуы тиіс. Біздің міндетіміз – Конституцияның әрбір нормасының азаматтардың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету және заңның бүкіл қоғам үшін бұлжымас құндылық болып қалуына ықпал ету", — деді Берік Асылов.

Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы мен цифрлық технологияларды енгізудің арқасында елде қылмыс 10%-ға, ал алаяқтық 13%-ға азайған. Сонымен қатар прокурорлар интернеттегі есірткі саудасына қарсы күресті күшейтіп, 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шотты бұғаттады. Осылайша заңсыз айналымнан түскен 2,6 млрд теңгеге тосқауыл қойылып, осы бағыттағы 10 мың сайттың жұмысы тоқтатылды. Бас прокурор алдағы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қарсы қылмыстардың алдын алуға басымдық берілетінін ескертті.

Азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Қадағалау актілерінің нәтижесінде 168 мың жұмысшының 2,1 млрд теңге көлеміндегі кешіктірілген жалақысы өндіріліп берілді. Бұдан бөлек мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанға оңалту құралдары табысталып, олардың инфрақұрылым нысандарына кедергісіз кіруіне жағдай жасалды.

Балалардың құқығын қорғау аясында 10 мыңнан астам жасөспірім тегін тамақпен және ауруханаға жату мүмкіндігімен қамтамасыз етілсе, 2 мыңдай жетім бала баспаналы болып, тұрғын үй кезегіндегі құқықтарын қалпына келтірді. Осы саладағы олқылықтар үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 2,9 мың лауазымды тұлғасы түрлі жауапкершілікке тартылды.

Прокуратураның экономикалық саладағы жұмысы мемлекет қаржысын үнемдеуге және заңсыз байлықты қайтаруға бағытталған. Жарты жыл ішінде салық, экологияға келтірілген залал және басқа да төлемдер түрінде мемлекет пайдасына 147 млрд теңге өндіріліп, 342 млрд теңге мемлекет қаражатының заңсыз жұмсалуына жол берілмеді. Сондай-ақ елден заңсыз шығарылған 40 млрд теңгенің активтері қайтарылды. Оның 37,7 млрд теңгесі қолма-қол ақша болса, 2,3 млрд теңгесі мүлік түрінде келді.

Қайтарылған қаражаттан құралған Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 39 әлеуметтік нысан салынды. Олардың қатарында Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов стадионы, Ақтаудағы жедел жәрдем станциясы, Балқаш әуежайы және Шымкенттегі студенттер жатақханасы бар.

Бизнесті қорғау бағытында жаңа Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет жұмысын бастады. Қазіргі таңда 600 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 3 мыңнан астам инвестициялық жоба прокурорлардың тікелей сүйемелдеуіне алынған.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Бас прокуратура 39 юрисдикциямен 92 екіжақты шарт бекіткен. Келісімдер Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Испания сияқты елдерді қамтиды. Биылдың өзінде Грузия, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттерден 27 қылмыскер елге қайтарылды, ал Қазақстан шетелдік әріптестеріне 70 адамды ұстап берді.

Отырыс соңында қадағалау органының басшысы алдағы жұмыс жүйелі цифрлық трансформацияға және кез келген заң бұзушылыққа жедел ден қоюға негізделетінін айтты.

Войдите, чтобы оставить комментарий