"Мені белбеумен сабады": Қазақстандық танымал рэпер әйелін соққыға жықты

Танымал рэпердің жұбайы отбасылық зорлық туралы айтты
Қазақстандық рэпер Дамир Қойшыбаев (лақап аты Qurt) отбасындағы зорлық-зомбылық дауына ілікті. Оның жұбайы Аружан Қойшыбаева Instagram парақшасында басынан өткен ауыр оқиғаны баяндап, денесіндегі көгерген, жарақаттанған жерлердің суретін жариялады.
Аружанның айтуынша, оқиға 2025 жылдың 27 маусымында таңғы уақытта болған.
"Ол мені бір сағат бойы белбеумен сабады. Бір белбеу үзіліп қалған соң, екіншісін алып келді. Қашып құтыла алмадым. "Мені өлтіріп жатыр!" деп айқайлаған соң, көршілерім естіп, мені құтқарып қалды", — деп жазды ол.
Аружанның сөзінше, кейін Qurt елден кетуге әрекеттеніп, оның бұрын сотталған досы қорқыту хабарламаларын жібере бастаған. Сол хабарламалардың бірінде:
"Сен мені арандатпа. Қолым ұзын, сені бәрібір табамын" — делінген.
Бұдан бөлек, Аружан күйеуі бірнеше адаммен келіп, оны ешқандай шағымы жоқ деген мазмұндағы видеожазба жасауға мәжбүрлемек болғанын айтты. Сонымен бірге, Qurt-тың анасы да арызын қайтарып алуға қысым көрсеткен.
Аружан жарақатын тіркетіп, полицияға арыз түсірген. Қазір ол адвокат жалдау үшін қаржылай көмек жинап жатыр.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, отандық өнер өкілдері де үн қоса бастады. Рэпер SayMo мен әнші Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Аружанға қолдау білдіріп, әділ тергеу жүргізуді талап етті.
Соңғы жаңалықтар





