"Меншіктеуден туындайды". Роза Әлқожа неге баласы мен келінінен бөлек кетті?

09.06.2026 14:27 Мөлдір ҚАЙНАР
185
Фото: әлеуметтік желі

Әнші Роза Әлқожа жаңа баспанаға көшкенін айтып, не себепті балаларынан бөлек тұруды таңдағанын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің айтуынша, өткен жылы ипотекаға үй алып, оны асықпай жөндеуден өткізген. Қазір жаңа шаңыраққа қоныстанғанымен, үйдің әлі толық жабдықталмағанын жасырмады.

«Былтыр ипотекаға үй алғанбыз. Жөндеу жұмыстарын асықпай жасадық. Кіргелі де көп дүниеміз түгел емес. Бірақ қазір ондай нәрселер маңызды болмай қалды. Туыстарымыз "қашан барамыз?" деп сұрап жатыр. Үй болған соң құттықтап келеміз дегендерге есігіміз ашық», – деді әнші.

Сондай-ақ Роза Әлқожа үлкен үйді немересіне қалдырып, жолдасымен бөлек шығуға саналы түрде шешім қабылдағанын айтты. Ол баланы бауырына басып алуға және жас отбасының ата-анамен бірге тұруына қарсы екенін жеткізді.

«Үлкен үйді немеремізге қалдырып, өзіміз бөлек шықтық. Бұрыннан баланы бауырыңа басып алуға қарсымын. Әр бала уақытында өз алдына жеке өмір сүруі керек. Келінді тәрбиелеу керек дегенмен келіспеймін. Ешкім тәрбиесіз болып келмейді. Келін де – өз үйін, өз ортасын тастап келген адам. Оған да мейірім мен еркіндік қажет. Көп мәселе бір-бірін меншіктеуден туындайды», – деді өнер иесі.

Әншінің бұл пікірі желіде қызу талқыланып, оқырмандары жаңа қонысымен құттықтап, жастардың жеке тұрғаны дұрыс деген пікірлерін жарыса жазды.

Войдите, чтобы оставить комментарий