Мешітте мектеп оқушысын аяусыз ұрып соққан ақтөбелікке үкім шықты
Ақтөбе қаласында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде болған жанжалға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
38 жастағы ер адам 15 жастағы мектеп оқушысын ұрып-соққаны үшін 1 жыл 6 айға орташа қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айырылды.
Оқиға биылғы ақпан айында, Рамазан айында болған. Кешкі құлшылықтан кейін мешіттен шығып бара жатқан үш жасөспірімнің бірі ер адамның аяқ киімін қолына алып, достарына соған ұқсас кроссовка кигенін айтқан. Мұны көрген аяқ киім иесі ашуға мініп, жасөспірімге күш қолданған.
Салдарынан 15 жастағы оқушы денесінің бірнеше жерінен жарақат алып, миы шайқалған. Дәрігерлер оған орташа ауырлықтағы дене жарақатын диагностикалаған.
Оқиғадан кейін ер адамға ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») және 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот барысында айыпталушы жәбірленушіден және оқиға кезінде зардап шеккен тағы бір жасөспірімнен кешірім сұрады. Сондай-ақ өзін отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтып, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінген. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмай, 1,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Оқиғадан кейін «Нұр Ғасыр» мешітінің әкімшілігі ресми мәлімдеме жасап, күдіктінің мешіт қызметкері емес екенін хабарлаған. Сонымен қатар мешіт аумағы бейнебақылау камераларымен жабдықталғанын және күзет қызметі жұмыс істейтінін атап өтті. Мекеме өкілдері мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қоғамдық тәртіпті бақылау күшейтілетінін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар