Мейрамбек Беспаев ауруынан толық айықты ма? 8 жыл емдеген дәрігер айтты

01.10.2026 • 19:31 Томирис САҒЫНДЫҚ
Мейрамбек Беспаев ауруынан толық айықты ма? 8 жыл емдеген дәрігер айтты
105
Фото: instagram.com/m_besbaev

Белгілі әнші Мейрамбек Бесбаев 8 жыл бойы созылмалы дертпен күресіп, толығымен айығып шықты. Қалқанша безінің зақымдануына байланысты жасалуы тиіс күрделі отадан тіпті жапондық дәрігерлер де бас тартқан. Белгілі эндокринолог Ержан Сәбитәліұлы өнер иесінің емделу барысы, медициналық хаттамадан ауытқу себептері мен дертті жеңу құпиясын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы дәрігер "Әңгіме бар" подкастында айтты. 

«Жазылды деген кезде диффузды токсикалық зоб жайлы сөз болып тұр. Бұл — созылмалы сырқат, созылмалы иммундық жүйенің сырқаты. Бұл жағдайда біз «ремиссия» деп сөйлейміз. Медицина тілінде дұрысы — ремиссия. Мысалы, созылмалы пиелонефрит, яғни бүйректің ауруы, не болмаса созылмалы холецистит — өт қабының ауруы. Созылмалы болған кезде, ол жерде аурудың ізі қалды. Соны созылмалы деп сөйлейміз. Сол себепті созылмалы болған кезде біз «стадия стойкой ремиссии», яғни «тұрақты ремиссия сатысында» дейміз. Ол қарапайым тілмен айтқанда, жазылды дегенмен тең. Мен ресми дәрігер болғаннан кейін «жазылды» деп сөйлегенді медицина тілімен «ол кісе тұрақты ремиссия сатысында» деп айтамын. Жалпы халыққа айтқан кезде — «жазылды» деген сөз», — деді эндокринолог Ержан Сәбитәліұлы.

Науқастың денсаулығын тұрақты бақылауда ұстау және емдеу барысында халықаралық хаттамаларды қолдану ерекше жауапкершілікті жүктейді. Кейде тәжірибелі мамандар пациенттің ағза ерекшелігіне қарай жекелей тәсілдерді қарастыруы мүмкін. Шетелдік медициналық орталықтармен тәжірибе алмасу да емдеу барысының нәтижелі болуына ықпал етеді. Дәрігер клиникалық тәжірибеде кездесетін осындай жағдайларға тоқталады.

«Иә, бақылауда. Бақылауда болған кезде ол тұрақты нәрсе емес, қазір үш жылда бір бақылау жасалып тұрса, соның өзі жеткілікті. Бірақ ешқандай ол жағынан сыр жоқ. Жазылдыға жатады. Енді білмеймін, маған шынайы келген кезде ондай жанашырлардың айтуы болды: «Айналайын, тыныштық керек, басқа біреуге жіберші, не болмаса жапондықтарға жібер» деді. Мен шетелдіктермен көп әрі тығыз жұмыс жасаймын, әсіресе Жапония мемлекетімен. Бірақ ондай оқиға болғаны рас. Мынадай нәрсе болды: бір күнде емдеп келе жаттық, сосын халықаралық хаттамалардың барлығында оны операцияға дейін басып, сосын барып оны операцияға жіберу керек немесе радиоактивті йодқа жіберу керек деген сияқты әртүрлі хаттамалар бар. Мен де оқыған адаммын, оның барлығын біліп отырамын. Бірақ мүмкіндігінше өзімнің де емделушілерім оны жақсы біледі. Көп жағдайда хаттамадан сәл ауытқуымыз мүмкін. Сол үшін де мен осы атаққа ие болып отырған шығармын деп, кейде науқаспен келісіп те аламын, қауіп факторларын да ескертемін», — деді эндокринолог Ержан Сәбитәліұлы.

Күрделі оталар мен емдеу процедуралары белгілі бір қауіп-қатерлермен тығыз байланысты болады. Атап айтқанда, белгілі тұлғаларды емдеу кез келген медицина маманына үлкен жауапкершілік салмағын түсіреді. Шетелдік клиникалардың өзі белгілі бір қауіп факторларына байланысты жауапкершіліктен бас тартатын сәттері кездеседі. Дәрігер осы ретте ота жасаудың анатомиялық күрделілігіне егжей-тегжейлі тоқталып өтеді.

«Тура сондай жағдай бұл жерде де қолданылды. Бір кездері келгенде: «Құрысын, жібер, ертеңгі күні қаншама халық қарап отыр, ертең масқара болып қаларсың» деп... Солай етіп, бір кездері сәл жолдан тайғаным бар. Сөйтіп жолдан тайып, жапондықтармен хабарласып емді реттеу өте ұзақ болды. Басқа мемлекеттер сияқты емес, олар жауапкершілікті ала ма, олар түбегейлі алады. Алмай ма — алмайды. Олар бұған тәуелді емес, бұл олар үшін бизнес түрі емес. Содан ары жасап, бері жасап, екі ай бойы жаздық. Сөйтіп келістірдім. Сосын операция алатын болып келісіп, барлығы реттелгендей болды. Сөйтіп тұрған кезде, соңында Мейрамбектің портфолиосын сұратты: кім, өмірде қалай, барлығын... Соны жіберіп қалған кезде бірден «жоқ» деп жіберді. «Бізге ол жауапкершілік керек емес» дегендей. Неге десеңіздер, бұл кісі әнші екен. Ал операция жасаған кезде барлығымыз біршама үрейленіп отырамыз. Неге десеңіз, қалқанша без мына жерде тұр. Басыңыз — мынау. Бүкіл қалған организміңіз осы баспен реттелуі үшін бұл жерде қаншама нерв, қаншама тамыр өтеді. Информацияны бастан алу керек, бүкіл жүйені реттеу үшін қаншама нерв өтеді», — деді эндокринолог Ержан Сәбитәліұлы.

Ота кезіндегі дауыс байламдары мен жүйке жүйесінің зақымдану қаупі емдеу тәсілін таңдауға тікелей әсер етеді. Операциясыз уақыт созған ұзақ емдеу курсы кейде ең қауіпсіз әрі тиімді шешімге айналуы мүмкін. Бұл ретте пациенттің де тәртіп сақтап, емдеу режимін бұлжытпай орындауы үлкен рөл атқарады. Маман ұзақ жылдарға созылған емнің оң нәтижесі мен науқастың саналы таңдауы туралы баяндайды.

«Ең сұмдығы, бұның тура қалқанша безінің маңында Nervus recurrens деген қайтарымды нерв өтеді. Сол қайтарымды нерв дыбыс байламдарын иннервация жасайды, жүйелендіреді. Егер сәтсіз, жағымсыз жеріне түсіп қалсаңыз (ал оны реттеп отыру өте қиын), дауыс сыбырлап қалады, дауыс бұзылады. Сол себепті де осындай асқынуды ескере отырып, жапондықтар: «Жоқ, бізге керек емес» деді. Сонымен аяғына дейін өзім жеткізуге бел будым. Олар да «ертеңгі күні асқынып кетсе, қиын болып қалар» деген ұйғарымда болды. Жоқ, жасалған жоқ. Толығымен, 2007 жылы емге келді, 2015 жылы толығымен айығып шықты. Сегіз жыл емделді. Біз барлық уақытта науқас бұл сырқатпен келгенде 1 жыл мен 3 жылдың арасы деп болжаймыз. Бірақ бұл жағдайда, Мейрамбектің жағдайында 8 жыл ем жүзеге асырылды. Өте... мен осы жерде тағы бір ерекше қасиетін айта кетейін. Неге десеңіз, Мейрамбектің білімділігінің өте жоғарылығы — ол ешқандай беймедициналық, ресми медицинадан тыс іс-әрекеттерге барған жоқ. Барлық уақытта ресми медицинаның, дәрінің қалай дұрыс жүруі керек болса, сол жолмен жүріп отырды. Және дәріні қабылдау керектігінің барлығын сақтап өтті, соның салдарынан толығымен айықты. Әйтпесе «неше түрлі мына тәуіпке барыңыз, анау бақсыға алып келіңіз» дегендер болғанына мен өзім куә болғанмын. Бірақ сонда да: «Мынаны не істейін? Осы дұрыс қой?» дейді. Мен: «Ой, дұрыс жолда келе жатырсың ғой, қайтесің?» деймін. Сөйтсем «болды да, болды» дейді. Бірақ та дәрінің көмегімен кейде хаттамаға кірмеген дәрілерді қолданған сәттеріміз болды, болмады деп айта алмаймын. Соның салдарынан толыққанды айығуға мүмкіндік алды», — деді эндокринолог Ержан Сәбитәліұлы.

Адам ағзасындағы аурулардың пайда болуы мен оны емдеуде ғылыми дәйектелген медициналық көзқарас шешуші мәнге ие. Халық арасында түрлі ырымдар мен болжамдар жиі айтылғанымен, нақты диагнозды тек ғылыми негізде қою қажет. Организмдегі энергетикалық өзгерестердің бар екенін жоққа шығармағанымен, маман кез келген дертке сауатты медициналық талдау жасаудың маңыздылығын ескертеді. Дәрігер сөзін ғылыми тұжырымдармен түйіндейді.

«Мен енді түсінемін, бәріміз де бір Аллаға бағынамыз. Мүмкін энергетикалық зақымданулар болады. Бірақ та медициналық диагноз бен энергетикалық шаршауды ажырата білу керек сияқты. Неге десеңіз, энергетиканың өзіндік бір күші бар, бірақ біз бір жағынан екінші жағына қатты кетіп қаламыз ғой. Мен жоққа шығара алмаймын, себебі мен оған да ғылыми тұрғыдан көзқарас қалыптастырамын. Мысалы, сіздерге энергетиканың бар екендігіне ғылыми дәлел берейін. Мысалы, сырттан біреудің артына театрда немесе автобуста отырып, желкесіне қадалып қарап отырсаңыз, кішкене ұйықсырап отырған адамның өзі біраз жыбырлай бастайды, бірдененi сезе бастайды. Ол деген сөз — энергетикалық алмасу бар деген сөз. Бірақ барлық ауруды әкеліп «көз тиюге» немесе «жын басып кетуге» беру — өте артық нәрсе деп ойлаймын», — деді эндокринолог Ержан Сәбитәліұлы.

Войдите, чтобы оставить комментарий