Зейнеткерді бірнеше күн қамауда ұстап, үйін тартып алмақ болғандар сот алдында жауап береді

01.10.2026 • 20:13 Қарақат АСЫЛОВА
Зейнеткерді бірнеше күн қамауда ұстап, үйін тартып алмақ болғандар сот алдында жауап береді
291
Ашық дереккөз

Алматыда 81 жастағы қарияны бірнеше күн бойы еркінен тыс ұстап, жалғыз баспанасын иемденуге әрекеттенді деген күдікке ілінгендерге қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, зейнеткерді ұрлап әкетіп, бірнеше күн бойы заңсыз қамауда ұстаған. Осы уақыт ішінде одан мүлкін беруді талап еткен.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер қарияның жалғыз баспанасына құқық алу мақсатында оған күш қолданған. Іс фигуранттарына Қылмыстық кодекстің адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және бопсалау баптары бойынша айып тағылған.

Қылмыстық іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Прокуратура айыптау тарапы ұсынған дәлелдер мен сотталушылардың әрекетіне түпкілікті бағаны сот беретінін атап өтті.

Бұл оқиға туралы бұған дейін сәуір айының соңында белгілі болған. Сол кезде 81 жастағы ер адамның жоғалып кеткені туралы оның танысы полицияға хабарлаған. Кейін зейнеткер Алматы маңындағы елді мекендердің бірінен табылды.

Қарияны ұрлады деген күдікпен үш адам — екі ер адам мен бір әйел ұсталған. Тергеу дерегінше, олар зейнеткердің осал жағдайын пайдаланып, жылжымайтын мүлкін өзге адамның атына рәсімдетуге әрекеттенген.

Войдите, чтобы оставить комментарий