«Миллион пәтер тегін беріледі»: Желіде тараған видеоға қатысты жауап берілді

12.09.2026 11:16 Қарақат АСЫЛОВА
«Миллион пәтер тегін беріледі»: Желіде тараған видеоға қатысты жауап берілді
359
Ашық дереккөз

Қазақстанда азаматтарға миллион пәтер тегін беріледі деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Алайда бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Жалған ақпарат арнайы монтаждалған видео арқылы таратылған.

Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Дезинформацияға қарсы күрес орталығы мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, жалған видеоны әзірлеу кезінде жоғары лауазымды тұлғалардың шынайы сөйлеген сөздерінен алынған кадрлар мен көпшілікке таныс дауыстар пайдаланылған. Осылайша болмаған мәлімдеме мемлекеттік органдардың немесе ел басшылығының аузынан шыққандай әсер қалыптастырылған.

Орталық мұндай фейктердің таралу тәсілі бұрын да бірнеше рет қолданылғанын атап өтті. Әдетте мұндай ақпарат референдум, сайлау, Үкімет құрамының өзгеруі, мемлекеттік және атаулы күндер секілді қоғам назарын аударған маңызды оқиғалар кезінде тарайды.

Мамандардың сөзінше, мұндай жағдайда ақпараттың мазмұны өзгергенімен, оны тарату механизмі бірдей болып қала береді.

Орталық қазақстандықтарды әлеуметтік желідегі күмәнді видеоларға бірден сенбеуге шақырды. Қандай да бір мәлімдеме тараған жағдайда оның ресми дереккөздерде жарияланғанын және мемлекеттік орган өкілінің толық сөйлеген сөзінде айтылғанын тексеру қажет.

.

Войдите, чтобы оставить комментарий