Министр 13,3 млрд теңге жайлы пікірлерге жауап берді

25.02.2026 11:59 Мөлдір Талғат
Министр 13,3 млрд теңге жайлы пікірлерге жауап берді
54
kapital.kz

Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындары қарсаңында Туризм және спорт министрлігі Қазақстан төрт жылдықтың басты додасына 13,3 миллиард теңге бөлгенін хабарлаған еді, деп хабарлайды Politico.kz.

Алайда Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов аталған сома тек Олимпиадаға дайындыққа жұмсалды деген пікірмен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаражат қысқы спорт түрлерін кешенді дамытуға бағытталған.

«13,3 млрд теңге тек спортшыларды Олимпиадаға дайындауға ғана жұмсалған қаражат емес. Бұл қаржы еліміздің жиырма өңірінде қысқы спорт түрлерін дамытуға, балалардың жүйелі түрде шұғылданып, жоғары жетістіктерге жетуіне жағдай жасауға бағытталған», – деді министр.

Соңғы күндері қоғамда «бір медальға осынша қаржы жұмсалды» деген пікірлер жиілеген. Бұл туралы министр өз көзқарасын білдірді.

«Менің ойымша, мұндай пікір толық ақпараттың болмауынан туындайды. Бұл – тек нәтиже үшін емес, ең алдымен балалардың денсаулығына, болашақ ұрпаққа салынған инвестиция. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде дарынды спортшылар іріктеліп шығып, Михаил Шайдоров сияқты Олимпиада шыңына дейін көтеріледі», – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің айтуынша, бөлінген қаржының жұмсалуы ашық әрі нақты көрсетілген. Қанша спортшыға қолдау көрсетілгені, жаттықтырушылардың еңбекақысы – барлығы қоғам талабы бойынша жарияланған.

Айта кетейік, Миланда өткен Олимпиадада Қазақстан бір ғана жүлде иеленді. Ел қоржынына алтын медальді мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров салды. Осы жеңістің арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 19-орынға тұрақтады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий