Министр Бектеновке бюджет қаржысының қалай жымқырылғанын баяндап берді
Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрі Мәди Такиевтің бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Politico.kz
Қаржы министрлігі жекеменшік білім беру ұйымдары мен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру салаларына ауқымды аудит жүргізді. Тексеріс нәтижесінде мемлекет қазынасына орасан зор зиян келтірілгені және жүйелі заң бұзушылықтардың орын алғаны белгілі болды.
Министрдің деректеріне сүйенсек соңғы бес жылда жекеменшік мектептердің саны күрт өскен. Мәселен 2020 жылы олардың саны 203 болса, 2025 жылы 878-ге жеткен. Оқушылар контингенті де алты есе ұлғайып, 53 мыңнан 322 мың балаға дейін артқан. Осыған орай саланы бюджеттік қаржыландыру көлемі 20 есеге өсіп, 13,3 миллиард теңгеден 248 миллиард теңгеге дейін жеткен.
Алайда 2025 жылдың соңына дейін қаржыландыру жүйесінің бытыраңқы әрі бақылаусыз болуы бюджет қаражатын теріс пайдалануға қолайлы жағдай туғызған. Министрлік жүргізген аудит барысында бірқатар өрескел заң бұзушылық анықталды. Олардың қатарында оқушыларды мектептер арасында бірнеше рет ауыстыру және тіркеу арқылы санды жасанды түрде көбейту деректері бар. Сондай-ақ ғимараттардың нақты сыйымдылығы ескерілмей оқушы орындары нормативтен үш есе артық көрсетілген. Кәсіпкерлер бюджеттен қаржы алу және салықты аз төлеу мақсатында кірістерін кем көрсетіп, еселенген пайда тапқан. Тіпті жобалық-сметалық құжаттамасыз күрделі жөндеудің орнына ағымдағы косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізілгені әшкереленді.
Министрдің айтуынша жекеменшік мектептердің басым бөлігі мемлекеттік қаржыландыруды сапалы білім беру тетігі емес, бюджет есебінен оңай олжа табу құралы ретінде қарастырған. Бұл олқылықтар жауапты лауазымды тұлғалардың салғырттығынан немесе тікелей қатысуымен орын алған. Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бастап қаржыландыру процесі ашықтықты қамтамасыз ететін «Orta-bilim.e-qazyna» цифрлық платформасына көшірілді. Аудиторлық шаралар әлі де жалғасуда және оның қорытындысы бойынша қаржыландыру тетігін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
Тексеріс агроөнеркәсіп кешенін де айналып өтпеді. 2023-2024 жылдардағы кезеңді қамтыған аудит нәтижесінде жалпы көлемі 300 миллиард теңгені құрайтын заң бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде бюджеттің тікелей шығыны 32 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Тек екі жыл ішінде салаға 1,2 триллион теңге бөлінгенімен, қомақты қаражат күтілген экономикалық нәтиже бермей, тиімсіз игерілген.
Шаруаларды субсидиялау барысында 5,5 миллиард теңге сомасындағы көлеңкелі схемалардың беті ашылды. Мәселен еліміздің 11 өңірінде субсидия алушылар бір ірі қара малды бір-біріне жалған сату арқылы 808,1 миллион теңге жымқырған. Инвестициялық жобалар бойынша 13,3 миллиард теңге көлемінде заң бұзушылық тіркелді. Тексеріс кезінде мал мен құрал-жабдықтардың мүлдем жеткізілмегені немесе толық көлемде алынбағаны белгілі болды. Кейбір құрылыс жұмыстарына ақы төленгенімен, іс жүзінде олар орындалмаған.
Несиелендіру саласында да өрескел қателіктерге жол берілген. 45,8 млн теңгені құрайтын мерзімі өткен берешегі және тыйым салулары бар 25 қарыз алушыға 177,7 миллион теңге көлемінде микрокредит берілген. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жұмысы жүйелі түрде тиімсіз деп танылды. Жыл сайын 140 миллиард теңге бөлінгенімен, қаражат фермерлердің шығындарын уәде етілген 70 пайызға жаба алмаған және қаржы көптеген қарыз алушылар арасында аз мөлшерде үлестірілгендіктен толық өндірістік циклді қамтамасыз ету мүмкін болмаған.
Премьер-министр анықталған кемшіліктерді жою мақсатында нақты тапсырмалар жүктеді. Енді Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктері жергілікті органдармен бірлесіп бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін енгізеді. Субсидиялау жүйесі қағаз жүзіндегі есепке емес, нақты өндірілген өнім көлеміне негізделеді. Сондай-ақ субсидияланған малды міндеттемелер орындалғанша сатуға тыйым салатын форматтық-логикалық бақылау тетігі іске қосылады. Инвестициялық жобалар бойынша құрылыс жұмыстарына міндетті мемлекеттік сараптама талап етіледі.
Нақты заңбұзушылық фактілері бойынша материалдар іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі.
Соңғы жаңалықтар