Мүфтият адамның жоқ сөзін бар қылатын технологияны харам деп таныды

12.01.2026 13:14 Қанат Айбар Қанат Айбар
Мүфтият адамның жоқ сөзін бар қылатын технологияны харам деп таныды
0
152
Фото: sydney.edu.au

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) жасанды интеллект арқылы жасалатын «дипфейк» (deepfake) технологиясын қолдануға қатысты ресми үкім шығарды, - деп хабарлайды Politico.kz

Шариғат бойынша адамдарды алдау мақсатында жалған бейне және аудиожазбаларды әзірлеу мен таратуға қатаң тыйым салынады.

Діни басқарманың түсіндіруінше, дипфейк (ағылшын тілінен deep learning – «терең оқыту» және fake – «жалған») технологиясы жасанды интеллект көмегімен адамның шын мәнінде айтпаған сөзін айтты деп көрсетуге немесе жасамаған іс-әрекетін жасағандай етіп бұрмалауға мүмкіндік береді.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі ислам дінінің ғылым мен технологияның дамуына қарсы емес екенін атап өтті. Алайда, кез келген жаңалық адамзат игілігіне, әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарына негізделуі тиіс. Егер технология ізгі мақсатта қолданылса – рұқсат етіледі, ал зиянды мақсатта пайдаланылса – тыйым салынады.

Пәтуа мәтінінде жалған ақпарат таратудың қоғамдық қауіптілігі ескертілген. Мұндай контент ел тыныштығын бұзып, қоғамға іріткі салады және азаматтардың ынтымақ-бірлігіне нұқсан келтіреді. Сонымен қатар, дипфейк адамдарды қорқыту және олардың өміріне қауіп төндіру құралына айналуы мүмкін.

Үкім шығару барысында мүфтият өкілдері діни дәлелдерге сүйенді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бізді алдаса – ол бізден емес», – деп, алдаудың барлық түріне тыйым салған. Сондай-ақ «Өзіне де, өзгеге де зиян беруге болмайды» деген хадис негізге алынды. Шариғатта тіпті қалжың түрінде болса да, адамды қорқытуға жол берілмейді.

Осыған орай, ҚМДБ адамның ар-намысына тиетін, жалған ақпарат тарататын және қоғамды адастыратын дипфейктерді жасау мен тарату шариғатқа қайшы әрі күнә екенін мәлімдеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий