Мұғалімдердің құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленді

Қазақстанда мұғалімдердің құқығын қорғайтын жаңа заң қабылданады, деп жазады POLITICO.KZ.
Мәжіліс депутаты және бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 5 қазан Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында ұстаздардың құқығын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасының әзірленгенін хабарлады. «Педагог мәртебесі туралы» заңға тиісті түзетулер дайындалып, Үкіметтің қарауына жолданған. Депутат бұл қадам тек мерекелік құттықтау емес, мұғалімдердің құқығын нақты қорғайтын заңды шара екенін атап өтті.
Асхат Аймағамбетов мұғалімнің негізгі міндеті бала оқыту екенін баса айтты. Сол себепті, педагогтар өздеріне қатысы жоқ артық жұмыстарға тартылмауы тиіс.
«Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы болмауы керек. Оның басты жұмысы – баланы оқыту. Бұл туралы Мемлекет басшысы тағы да баса айтты», – деді депутат.
Жаңа заң жобасында бірнеше маңызды өзгеріс қарастырылған.
Біріншіден, мұғалімдердің есеп беру жүйесі жеңілдетіледі. Бұдан былай бір ақпаратты бірнеше жүйеге қайталап енгізуге тыйым салынады. Егер дерек «Күнделік», «НОБД» немесе Bilimland сияқты жүйелердің біріне енгізілсе, оны басқа платформалар қайта сұрай алмайды. Бұл қағазбастылықты азайтуға бағытталған.
Екіншіден, ұстаздарды әлеуметтік желіде(Instagram / Facebook) жазба жариялауға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды. Мұндай жұмыс тек мұғалімнің өз еркімен ғана атқарылуы тиіс. Сонымен қатар, педагогтар мессенджерлердегі чаттарда тәулік бойы жауап беруге міндетті емес. Барлық ресми байланыс тек электронды пошта немесе арнайы білім беру жүйелері арқылы жүргізілуі керек.
Үшіншіден, мұғалімнің жауапкершілігі нақты шектеледі. Ұстаз мектеп аумағынан тыс жерде болған оқиғаларға жауап бермейді, себебі ол күзетші де, детектив те емес. Заңға алғаш рет «мұғалімге тән емес функциялар» деген ұғым енгізіліп отыр. Бұл мұғалімдерді өздерінің тікелей міндетіне кірмейтін жұмыстардан қорғауға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, мектеп пен ата-ана арасында жасалатын келісімнің мәртебесі артады. Бала тәрбиесі тек мұғалімнің ғана емес, ата-ананың да ортақ міндеті болып саналады. Енді ата-аналар келісімшарт аясындағы өз жауапкершіліктерін орындауға міндетті болады.
Бесіншіден, ұстаздарды қорғау шаралары күшейтіледі. Педагогтың ар-намысына тиіп, оған қысым көрсеткен немесе зорлық-зомбылық жасағандарға салынатын айыппұл көлемі едәуір артады. Сондай-ақ, заңға мұғалімге психологиялық немесе физикалық қысым жасауға толықтай тыйым салатын норма енгізілді.
Асхат Аймағамбетов бұл бастама Президенттің тапсырмасы мен педагогтардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін жеткізді. Қазіргі уақытта депутаттар Үкіметтен заң жобасы бойынша ресми қорытынды күтіп отыр.
Сөз соңында депутат ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға денсаулық, сәттілік пен шәкірттерінің алғысын тіледі.
«Құттықтаймыз. Қорғаймыз. Заңмен бекітеміз», – деп қорытындылады сөзін Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда қанша педагог еңбек етуде екенін жазған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар




