Мұратжан Мұсайбеков Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалды
Кешелі бері қоғамда талқыланған сыбыс расталып, кәсіпорын қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен Мұратжан Мұсайбеков Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Бұған дейін аталған қызметті атқарған Қуаныш Бішімовтің өкілеттігі тоқтатылып, жаңа басшыны зауыт ұжымына ұлттық компания басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов таныстырды.
Мұратжан Мұсайбеков әр жылдары мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» құрылымында түрлі жауапты қызметтер атқарған. Нақтырақ айтқанда ол мұнай-газ өңдеу және мұнай-химиясы жобаларын іске асыру жөніндегі директор, мұнай өңдеу бағытындағы басқарушы директор, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» компаниясы бас директорының орынбасары және «KPI Inc.» кәсіпорны басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарында еңбек еткен.
Ұлттық компания басшылығы жаңа бас директордың алдына зауыттың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты міндет қойды. Ендігі кезекте кәсіпорын операциялық тиімділікті арттырып, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайтуға және өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігін жақсартуға басымдық беруі тиіс. Сонымен қатар экологиялық жобаларды одан әрі іске асыру және қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі жайлы еңбек жағдайын жасау мәселелері де алдағы уақытта басты назарда болмақ.
Айта кетейік, Мұратжан Мұсайбеков 2021 жылы істі болған Сәкен Мұсайбековтің туған бауыры.
Соңғы жаңалықтар