«Мына сайқымазақты беріңдер»: Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов тағы бір дауға ілікті

«Мына сайқымазақты беріңдер»: Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов тағы бір дауға ілікті
Видеодан кадр

Қазақстандық боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Өзбекстан өкілі Шохжахон Эргашевпен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Алайда ол шаршы алаңға шығуы үшін ұйымдастырушылардан қомақты гонорар талап етті.

IBA Nomad промоушені боксшының мәлімдемесін жариялады. Елеусінов басқа ұйыммен келісімшарты бар екеніне қарамастан, лайықты қаржы ұсынылса, жекпе-жекке шығуға қарсы емес екенін жеткізді.

«Маған сол жақтан шыққан мына сайқымазақты беріңдер. Басқа келісімшарттарға бас қатырмаймын, жекпе-жекке шығамын. Ең бастысы – қажетті ақшаны төлеңдер», – деді боксшы.

Бұған дейін Шохжахон Эргашев IBA Nomad лигасынан Данияр Елеусіновпен жұдырықтасу туралы ұсыныс түскенін айтып, бірден келіскенін мәлімдеген еді. Өзбекстандық спортшы Олимпиада чемпионымен кездесуден бас тартпайтынын жеткізді.

Алайда Елеусінов бұл жағдайға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Оның айтуынша, Эргашев бұған дейін онымен жұдырықтасудан бас тартқан. Ал қазір қазақстандық боксшының Zuffa ұйымымен келісімшарты бар екенін біле тұра, жекпе-жекке шығуға дайын екенін жариялап отыр.

«Басында ол менімен жұдырықтасуға шықпайтынын айтқан. Енді менің Zuffa-мен келісімшартым бар екенін біліп, айқайлап жүр», – деп жазды Елеусінов Instagram Stories парақшасында. Кейін бұл жазбасын өшіріп тастаған.

Айта кетейік, әзірге екі боксшының кездесуі ресми түрде расталған жоқ. Жекпе-жектің өтетін күні, орны және қаржылық шарттары да жарияланбаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу