Жұмысқа кешіккендерге айыппұл салуға бола ма? Министрлік жауап берді
Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерді жұмысқа кешіккені немесе еңбек тәртібін бұзғаны үшін ақшалай айыппұлмен жазалай алмайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, кейбір жұмыс орындарында басшылар қызметкер жұмысқа кешіккен жағдайда жалақысынан белгілі бір соманы ұстап қалуы мүмкін. Алайда мұндай әрекет заңға қайшы. Мәселен, қызметкер 20 минутқа кешіккені үшін оның жалақысынан 10 мың теңге ұстауға жұмыс берушінің құқығы жоқ.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек тәртібін бұзған қызметкерге ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс жариялауға болады. Ал жұмыстан шығару тек заңда көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Сонымен қатар тәртіптік жаза қолданбас бұрын жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті.
Министрлік өкілдері жалақыдан заңды түрде ұсталатын төлемдер мен еңбек тәртібін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдың екі бөлек ұғым екенін атап өтті. Сондықтан жұмыс беруші өз бетінше ақшалай айыппұл енгізе алмайды.
Соңғы жаңалықтар