«Нағыз патриот заңға бағынады»: Бектенов кімдерді үлгі етті
Қазақстанда жыл басынан бері қылмыс саны 15 пайызға азайып, қылмыстардың ашылу көрсеткіші 5 пайызға өсті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиында Олжас Бектенов заң мен тәртіпті сақтау мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және саяси мақсаттарына қол жеткізудің басты шарттарының бірі екенін айтты.
«"Заң мен тәртіп" – қазіргі таңда ең жоғарғы конституциялық деңгейде бекітілген мемлекетіміздің негізгі қағидаттары. Президентіміз үнемі айтатындай, нағыз патриот ол - бірінші кезекте заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз қажет. Тәртіп болмаса, елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси, басқа мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», деді Премьер-министр.
«Заң мен тәртіп» қағидаты заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Ал ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысын үйлестіреді.
Отырыста аталған қағидатты қоғамда ілгерілету тұжырымдамасының орындалуы және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тұжырымдаманың негізгі 5 бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды.
Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 13,7 миллион әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың жаңа стандарты бойынша 58 мың адам тексеріліп, олардың 2 мыңы тәуекел тобына енгізілген.
Жастардың құқықтық сауатын арттырып, патриоттық тәрбие беру үшін мектептерге 8 мың полиция қызметкері бекітілген. Қазір елімізде 267 «Жас сақшы» және 69 «Жас Бүркіт» сыныбы жұмыс істейді.
ІІМ мәліметінше, 1,5 мыңнан астам жасөспірімдер қылмысының жолы кесілген. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың жалпы саны 9 пайызға төмендеген.
Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту үшін бейнебақылау жүйесі кеңейтіліп жатыр. Қазақстанда 1,8 миллион камера орнатылып, 65 мың аула бейнебақылаумен қамтылған.
Камералардың көмегімен 13,8 мың қылмыс ашылып, 763 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Қалалар мен аудан орталықтарында жедел басқару орталықтарының желісін кеңейту жұмысы жалғасып жатыр.
Полиция халықпен байланысты да күшейткен. Азаматтармен кездесулер өткізіліп, учаскелік инспекторлар тұрғындармен үй чаттары арқылы тұрақты байланыс орнатып отыр.
Мобильді қосымшалар арқылы полицияға 138 мың өтініш түскен. Оның 80 мыңы eGov және банк қосымшаларында қолжетімді «Заң мен тәртіп» сервисі арқылы жолданған.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуға еріктілер мен қоғамдық көмекшілер де тартылған. Олардың көмегімен 20 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 300 қылмыс ашылған. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері де қатысып жатыр.
Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру аясында полиция қызметкерлерін смарт-жетондармен жабдықтау жалғасып жатыр. Бұл құрылғылар тәртіп сақшыларының әрекеттерін жедел үйлестіруге және жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік береді.
Қазір елімізде бейнеаналитика мүмкіндігі бар 51 мың камера жұмыс істейді. Жыл соңына дейін олардың санын 60 мыңға жеткізу жоспарланған. Ұлттық бейнемониторинг жүйесін құруға да дайындық жүргізіліп жатыр.
Жиында үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамды «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге тарту мәселесі қаралды.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, бұл бағытта халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңдылықты нығайтуға және жалған ақпаратпен күресуге басымдық берілген.
Қазір Қазақстанда азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, халықтың құқықтық сауатын арттыруға және заңға құрмет қалыптастыруға бағытталған 500-ге жуық әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстанның Азаматтық альянсымен бірлесіп, жалпыұлттық қағидаттарды, соның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету үшін республикалық жобалық кеңсе құрылған.
Өңірлерде тағы 20 жобалық кеңсе жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтарға мыңға жуық құқықтық кеңес берілген. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына еріктілер мен волонтерлік ұйымдар тартылған.
Соңғы жаңалықтар