Полиция формасын киген баланың әкесіне неге айыппұл салынғаны түсіндірілді

Полиция формасын киген баланың әкесіне неге айыппұл салынғаны түсіндірілді
Фото: Бейнеден кадр

Түркістанда полиция киімін киіп, жолдағы көліктерді тоқтатқан 9 жастағы баланың әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Түркістан облыстық полиция департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде полиция формасын киген баланың видеосы тараған. Бала полиция қызметкері болуды армандағандықтан, арнайы киім киіп, әкесімен бірге үйінің маңына ойнауға шыққан.

Әкесінің айтуынша, 26 қазанда олар полиция қызметкерінің келуін шамамен бір сағат күткен. Ер адам өзіне не үшін айыппұл салынғанын түсінбеген. Ол бұған ұлының полиция формасын кигені ме, әлде жол маңында жүргені ме себеп болғанын сұраған.

Түркістан облыстық полиция департаменті Politico.kz-ке баланың киіміне қатысты ешқандай мәселе болмағанын хабарлады.

«Баланы полиция формасын кигені немесе полиция қызметкері болуды армандағаны үшін ешкім жазалаған жоқ. Керісінше, біз балалардың болашағын полиция қызметімен байланыстыруға деген ұмтылысын құптаймыз», деп хабарлады ведомство.

Полиция мәліметінше, бала кешкі уақытта жолға шығып, қозғалыстағы көліктерді тоқтатқан. Ал әкесі жақын жерде тұрып, болған жағдайды видеоға түсірген.

«Мұндай әрекеттер баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Жүргізушінің бір абайсыз қозғалысы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан полиция араласты», деп түсіндірді полициядан.

Оқиғадан кейін полиция қызметкерлері баламен және оның әкесімен профилактикалық әңгіме жүргізген. Баланың өзіне ешқандай жаза қолданылмаған.

Ал әкесіне қатысты ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материал рәсімделген.

«Полиция қызметкері болуды армандау өте жақсы. Бірақ бейнеролик үшін бала өміріне қауіп төндіруге болмайды. Баланың қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұруы керек», деп ескертті полиция.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу