Атырауда әйелдер дәретханасына сығалаған жігітке айыппұл салынды
Атырауда сауда орталығының әйелдер дәретханасына сығалаған 21 жастағы жігіт сот шешімімен айыппұл арқалады. Оқиға «Байзар» сауда орталығында болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін сауда орталығына келген әйелдер көрші кабинадан өздеріне сығалап тұрған жігітті байқап қалған. Олардың айтуынша, жас жігіт телефонына видео да түсірген.
Әйелдер одан сыртқа шығуды талап еткен. Алайда жігіт кабинаның есігін ішінен жауып алған. Осыдан кейін келушілер күзетшіні шақыруға мәжбүр болған.
Атырау облыстық полиция департаменті Politico.kz-ке оқиғаның мән-жайын хабарлады.
Полиция мәліметінше, оқиға 24 қазанда болған. 21 жастағы Мейрамбек Жанболатұлы сауда орталығында қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Түскен арыздан кейін полиция қызметкерлері жігіттің жеке басын анықтап, оны полиция басқармасына жеткізген.
Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сотқа дейін жігіт әкімшілік қамаққа алынған адамдарға арналған арнайы бөлмеде ұсталған.
«Сот шешімімен ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды», деп хабарлады полиция.
Алайда полиция айыппұлдың нақты мөлшерін жарияламады.
Соңғы жаңалықтар