Наркенже Серікбаева екінші рет ұзатылған блогерді қорғап шықты
Танымал әнші Наркенже Серікбаева күні кеше өзі ұзатқан кәсіпкер әрі блогер Ерсайды сынағандарға үн қатты, деп хабарлайды Politico.kz.
Айта кетейік, Қытайдан келген қазақ қызы Ерсай бұған дейін ажырасқан, бір қызы бар. Ол отандық Олжас есімді азаматпен бас қосып, дүркіретіп ұзату тойын өткізген еді. Алайда желіде бұл оқиғаны теріс бағалап, дәстүрге қайшы деп айыптағандар көбейген.
Осыған байланысты өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, өзгелердің тағдырын талқылауға құмар жандарға жауап берді.
"Біреудің тағдырын талқылауға құмармыз… Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, аузына келгенін құсатын пікір жазғыштардың куәсі боласың. Қай қазақтың қызы бой түзеп, бойжеткен соң ұзатылғысы келмейді? Ал ұзатылып, некесі сәтті болмай ажырап, күні келіп қайта ұзатылып, ақ көйлек кисе, оның жеке басына тиісіп, тағдырын талқылаймыз. Кім бақытты болғысы келмейді?! Салтты сақтамады, дәстүрден аттады деп айыптау бәріне оңай… Біздің қоғам қыздармен алысқанша, сырға таққан ұлдармен, жынысын ауыстырып жатқан жетесіздермен алысса екен", – деді Наркенже Серікбаева.
Сондай-ақ әнші сөзін жалғай отырып, ешкімнің тағдырын таңдап алмайтынын және екінші рет бақыт тапқан жас жубайлар үшін қуану керектігін жеткізді.
"Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда деп жүріп алмай, қалтасындағы қаржыға сеніп қалмай, бақытты болуға ұмтылып жатқан жұптарға қуана қараймын! Адам тағдырын таңдап алмайды, бәрі Алланың қалауымен. Құдай ешкімді жалғыз өмір сүрсін деп жаратпады, өйткені жалғыздық Раббымызға ғана тән. Осыны ұмытпайық, ағайын!" – деп түйіндеді ол.
Соңғы жаңалықтар