Наташа Қалымбетова ДНҚ сараптамасының нәтижесін көрсетті (ВИДЕО)

Наташа Қалымбетова ДНҚ сараптамасының нәтижесін көрсетті (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин

Кезінде зорлықтың құрбаны болғанын ашық айтып, көптің назарына іліккен Наташа Қалымбетова АҚШ-тан тапқан қызымен биологиялық туыстығы толық дәлелденгенін мәлімдеді. Генетикалық зерттеу Наташа Қалымбетованың АҚШ-тағы қызының туған анасы екенін растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол генетикалық сараптаманың қорытындысын көпшілікке көрсете отырып хабарлады.

«Өмір бойы ауыр азап пен қиындықты бастан өткердім. Соған қарамастан берілмей, алға қойған мақсатыма жетіп, қызымды таптым. Ең бастысы, мұның бәріне ешкімнің көмегінсіз, тек өз күшіммен қол жеткіздім.  Ақыры Америкаға барып, қызымды таптым. Бүгін ДНҚ сараптамасының нәтижесі шықты. Соның қорытындысында, туыстығымыз 100 пайызға расталды. Мен бұған дейін де сенімді едім, бірақ қызымда қобалжу байқалды. Қысқасы, қыздар, мүмкін емес нәрсенің өзі мүмкін екен. Біреудің көмегінсіз, ешкімге арқа сүйемей, мұндай қадамға кім бара алады? Мен бардым. Барлығын өзім, ешкімнің көмегінсіз, өз күшіммен жасадым», - деп қуанышымен бөлісті Қалымбетова.

Оның сөзінше, ол мұхит асып, АҚШ-қа арнайы іздеп барған. Екеуара кездесуден соң тапсырылған ДНҚ тесті оның ұзақ жылдар бойғы ізденісі мен ішкі сенімінің ақиқат екенін дәлелдеп берді.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушыларына «Нати» есімімен белгілі болған Наташа Қалымбетова жылдар бойы хабар-ошарсыз кеткен қызын Америка жерінен тапқанын жариялаған болатын. Ол кездесу сәті туралы баяндай келе, әуежайда қызы өзін қарсы алғанын және қос тарап туыстық қатынасты заңды түрде нақтылау үшін бірден сынама тапсырғанын айтқан еді.

Қалымбетова қызының бейнесін жасыруын оның жеке өмірінің қауіпсіздігімен және америкалық заң талаптарымен түсіндірді.
Анасы қызымен көріскен алғашқы сәттен-ақ туған перзенті екенін жүрегімен сезгенін жасырмады.
 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу