Қостанайда 86 жастағы зейнеткерді өлтіріп кетті
Қостанайда серуендеп жүрген 86 жастағы зейнеткердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасаған Politico.kz.
Әлеуметтік желіде қарияны серуен кезінде белгісіз біреу өлтіріп кеткені және тағы бір адамның зардап шеккені туралы ақпарат тараған болатын. Құқық қорғау органдары екінші адамға шабуыл жасалды деген қауесеттің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, дәлелдемелерді жинау мен бекітуге, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар адамның жеке басын анықтап, оны ұстауға бағытталған тергеу шараларының кешені жүргізілуде. Екінші адамға жасалған шабуыл туралы мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау жұмыстары тәулік бойы жалғасуда», – деп мәлімдеді Қостанай облыстық полиция департаменті өкілдері.
Ведомство тергеуге қажетті күштер мен ресурстар толық жұмылдырылғанын жеткізді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Соңғы жаңалықтар