Науқас баланың еміне жиналған 1,3 миллиард теңге қайда кетті: сотталушы соңғы сөзін айтты
Астанада ауыр дертке шалдыққан ұлын емдеу желеуімен халықтан 1,3 миллиард теңге жинап, оны жымқырды деп айыпталған ерлі-зайыптыларға қатысты сот процесі аяқталуға жақын, деп хабарлайды Politico.kz
Іс материалдарына сәйкес, Дәулет пен Толқын Тотақановтар 2020–2024 жылдар аралығында Instagram мен Facebook желілерінде баласының ауыр жағдайы туралы әсерлі видеолар жариялап, таргеттелген жарнама жүргізген. Тергеу нұсқасы бойынша, халықтан жиналған қыруар қаражаттың тек 6,4 миллион теңгесі ғана емге жұмсалған. Прокурорлар қалған сомаға күдіктілер Астанадан үш пәтер, жер телімі мен бес автокөлік сатып алып, ақшаның бір бөлігін құмар ойындарына ұтылғанын алға тартты.
Ерлі-зайыптыларға «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» және «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» баптары бойынша айып тағылды.
Сотта соңғы сөзін сөйлеген Толқын Тотақанова тағылған айыпты жоққа шығарды. Ол баланы Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресей клиникаларында емдетуге 160 миллион теңге жұмсағанын, бұл аудиторлық тексеріспен расталғанын айтты. Сотталушының сөзінше, жиналған ақшаның негізгі бөлігін өсімқорлар тартып алған.
— Осы кезеңде мен пайызға ақша беретін адамдардың құрбаны болдым. Бастапқыда ақшаны тек баламды емдеу үшін қарызға алдым. Алайда уақыт өте келе олар қоқан-лоқы көрсетіп, өліммен қорқыта бастады. Соңғы бес жылда олар бізден 700 млн теңгеден астам қаражатты тартып алды. Бұл деректерді аудиторлар растады. Іс бойынша жәбірленуші ретінде танылғандардың өзі де – пайызға ақша берген адамдар. Мен оларға 40 млн теңгеден астам қаражат төледім, бұл да аудитпен дәлелденді, — деді Толқын Тотақанова.
Сондай-ақ айыпталушы тергеу органдары айтқан «элиталық мүліктер» туралы ақпаратты терістеді.
— Құрметті сот, менің әрекеттерімде қасақана ниет болған жоқ. Біз байып кетуді мақсат еткен жоқпыз. Бізде элиталық пәтер де, қымбат көлік те жоқ. Миллиардтарымыз жоқ екенін тергеу де дәлелдеді. Прокурордың өзі біздің тек екі бөлмелі пәтеріміз бар екенін, оның да банк кепілдігінде екенін айтты. Бұл отбасымыздың жалғыз баспанасы. Мен бұл іс үшін денсаулығыммен, баламның денсаулығымен, абыройыммен, отбасыммен төледім. Алты жыл бойы біз өте ауыр жолдан өтіп келеміз. Алты жыл бойы баламыздың өмірі мен денсаулығы үшін күресіп жүрміз, — деді сотталушы.
Сот үкімі алдағы уақытта жарияланады.
Соңғы жаңалықтар