Назарбаев пен Әблязов өзін Google-дан «тазалау» үшін миллиондаған ақша шығындап жатыр

Қазақстаннан қашқан банкир Мұхтар Әблязов пен бұрынғы Алматы әкімі Виктор Храпунов өздері туралы жағымсыз ақпаратты Google іздеу жүйесінен жою үшін АҚШ-тың авторлық құқық туралы заңын айналып өтуде. Бұл мақсатта олар сол қызметті олардың «басты қарсыластарына» — бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасына да көрсеткен бір мердігерді жалдаған, деп хабарлайды POLITICO.KZ compromat-kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жайында Google пайдаланушыларының авторлық және басқа құқықтарды қорғауға қатысты сұранымдарын тіркейтін Lumen мұрағатының талдауынан белгілі болды. Мұрағатта Назарбаев пен оның отбасы туралы шындықты жасыру үшін авторлық құқықты сылтауратып жасалған жалған (және сәтті!) талаптар көптеп кездеседі. Алайда Назарбаевтың беделі үшін жұмыс істеген дәл сол адамдар оның қарсыластарына да көмектесіп жатқан болып шықты.
Lumen мұрағатында Әблязов пен Храпуновқа қатысты әртүрлі қылмыстар туралы жазылған материалдарды жоюды сұраған 300-ге жуық сұраным сақталған. Бұл материалдар орыс және ағылшын тілдерінде жарияланған.
Сұраным берушілердің лақап аттарынан олардың бұған дейін Назарбаев пен оның туыстарына қатысты теріс ақпаратты тазарту үшін де жұмыс істегенін байқауға болады. Олар қолданатын технология қарапайым, бірақ тиімді: алаяқтар біркүндік сайттар жасап, өзге БАҚ-та бұған дейін жарияланған материалдарды кейіннен «кері датамен» жариялайды. Содан кейін, әлгі түпнұсқа мақала «олардың сайтынан ұрланды» деген сылтаумен Google-ға шағымданып, түпнұсқаны іздеу жүйесінен алып тастауды талап етеді. Бұл тәсіл кей жағдайда сәтті жүзеге асады — түпнұсқа мақала Google-дан жоғалады.
Мысалы, «Нона Бойдало» деген никпен тіркелген қолданушы Google-ға 3000-нан астам авторлық құқыққа қатысты сұраным жіберген. Олардың басым бөлігі Нұрсұлтан Назарбаев, Әлия Назарбаева және оларға жақын кәсіпкерлер туралы. Дәл осы «Нона Бойдало» Әблязов пен Храпуновқа қатысты да осындай сұранымдар жасап, олардың аты-жөнін Google-дан өшіруге тырысқан.
Бірнеше ай бойы «Нона Бойдало» британдық Financial Times газетінің Трамп пен Храпунов арасындағы қаржылық байланыс туралы мақаласын «менің сайттан ұрланды» деп көрсету арқылы Google-дан алып тастатуға қол жеткізген.
Google-ды «тазарту» науқандарын Әблязов пен Храпунов арнайы мердігерлерге тапсырады. Бұл мердігерлер тек Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына ғана емес, Ресей элитасына да қызмет көрсетіп келеді.
Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары — Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков, Ұлттық гвардия басшысы Виктор Золотов, Мемдуманың төрағасы Вячеслав Володин және басқалар өздері туралы жағымсыз ақпаратты жою үшін жүздеген миллион рубль жұмсайды. Ал Әблязов өз сөзінде Украинаға қолдау білдіріп жүрсе де, беделін қорғау жұмысын Кремльмен байланысты компанияға сеніп тапсыруы — көзге ұрғандай қайшылық. Алайда, бұл жерде мақсат құралды ақтайтын секілді: теріс ақпарат көзден таса болуы тиіс.
Соңғы жаңалықтар





