«Жұмыс кезінде тоқ соқты»: Алматыдағы құрылыста көз жұмған жұмысшының жесірі әділ тергеуді талап етіп отыр
Алматыдағы құрылыс алаңында қаза тапқан Бейбіт Жұмабаевтың отбасы оқиғаның мән-жайы әділ тергелмей қала ма деп алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Qaz365.kz мәліметінше, марқұмның артында қалған жары Ақбота Тәжіман үш баламен жесір қалып, шындықтың ашылуын сұрайды.
Оқиға Алматы қаласы Жетісу ауданындағы «Көкжиек» құрылыс нысанында болған. Туыстарының айтуынша, марқұм бұл нысанда Time Group Construction компаниясының атынан жұмыс істеген.
«Оқиға түскі уақытта болды. Ол бетон құйып, өз жұмысымен айналысып жатқан кезде тоқ соққан. Соның салдарынан құлап, көз жұмды», — деді марқұмның жұбайы.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы 2-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Алайда туыстары еңбек инспекциясының қорытындысына күмән келтіріп отыр. Белгілі болғандай, марқұм мен құрылыс компаниясы арасында еңбек шарты ресми түрде рәсімделмеген. Жұбайы мен бауырлары жұмыс беруші құжаттың жоқтығын пайдаланып, жауапкершіліктен жалтара ма деп қауіптенеді.
«Еңбек шартының болмауы оның ол жерде жұмыс істемегенін білдірмейді. Оның нысанда болғанын растайтын материалдар бар, куәгерлер бар. Мұның бәрін жай ғана жоққа шығару мүмкін емес», — деді марқұмның ағасы.
Сондай-ақ қара жамылған келіншек оқиғадан кейін серіктестік басшылығынан ешкім келіп көңіл айтпағанын, жағдайды түсіндірмегенін айтып ренішін білдірді:
«Істі бұрмалап жібере ме деп қорқамыз. Кінәлі болуы мүмкін адамдардың ешқайсысы маған келмеді. Оларды көрген де жоқпын. Қанша уақыт өтсе де, ешкім тіпті кешірім сұраған жоқ. Заңды әйелімін, үш баламен қалдым. Бұл істің қоғам назарында болғаны өте маңызды».
Марқұмның жақындары жұмысшының аталған нысанда не себепті ресми тіркеусіз жұмыс істегенін, оны қалай тоқ соққанын және құрылыс алаңында техникалық қауіпсіздік ережелерінің қаншалықты сақталғанын толық анықтауды талап етіп отыр. Тергеу шаралары әлі аяқталған жоқ.
Соңғы жаңалықтар