Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыздың ісі бойынша екі адам ұсталды
Түркия полициясы Ыстанбұлда көз жұмған 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне байланысты екі адамды ұстады, деп хабарлайды Politico.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұсталғандардың бірі — марқұммен бірге бір бөлмеде тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. Ал екінші күдікті — марқұмның сүйіктісі болуы мүмкін делінген 35 жастағы дүкен иесі Мазхар Т. Әзірге олардың отандасымыздың өліміне нақты қандай қатысы бар екені және қандай күдікке ілінгені ресми жарияланған жоқ.
Қайғылы жағдай 25 қазан күні Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала болжам бойынша, бойжеткен өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған кезде, берік емес жабын сынып кетіп, төмен құлап мерт болған. Сонымен қатар тергеу барысында оның қаза болардан аз уақыт бұрын таңғы 05:30-дан 07:40-қа дейін Мазхар Т.-ның үйінде болғаны анықталды.
Дарья Б. өз түсініктемесінде таңғы 08:15 шамасында құрбысын шатырда отырған жерінен көріп, суретке түсіргенін және бөлмеге қайтуын сұрағанын айтты. Алайда Айсұлу кері кіруден бас тартқан, кейінірек оның денесі төменнен табылған.
Қазіргі уақытта түркиялық тәртіп сақшылары марқұмның биік шатырға қандай себеппен шыққанын және қайғылы оқиғаның толық мән-жайын тергеп жатыр.
Соңғы жаңалықтар