Назарбаевқа сол бір құжатты ұсынғаннан кейін мансабым аяқталды – ҰҚК экс-төрағасы

18.06.2026 18:50 Әсел МҰРАТ
Назарбаевқа сол бір құжатты ұсынғаннан кейін мансабым аяқталды – ҰҚК экс-төрағасы
575
Фото: ашық дереккөз

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев мансабының қалай аяқталғанын айтып, тосын мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Нартай Дүтбаевтың айтуынша, 2007 жылы ол президент Әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімі басшылығының құрамына ауысқаннан кейін Назарбаевтың кеңесшісі болып тағайындалған. Сол кезде оған құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелген. Бұрынғы комитет төрағасы сол жұмыс тобының құрамында қазіргі премьер-министрдің де болғанын атап өтті.

«Әзірленген ұсыныстардың мазмұнына тоқталмай-ақ қояйын. Ол кезде олар негізсіз сынға ұшырап (менің пайымдауымша) қабылданбады. Кейін реформаның мәні мен мақсаты көмескіленген қысқартылған нұсқасы ғана жүзеге асырылды. Сол кезеңде досым Дастанмен бірге ұзақ талқылаулардың нәтижесінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына аналитикалық жазба әзірледік. Онда ел басшылығы мен халық арасындағы байланыстың әлсірегені, оның себептері және президенттің айналасындағы белгілі бір топтардың осы байланыстың нығаюына кедергі келтіріп отырғаны ашық көрсетілді. Бұл құжатты Назарбаевтың өзіне жеке табыстадым. Ол кезде әлі қабылдауында болып, қол алысып амандаса алатындардың қатарында едім. Алайда мемлекеттік қызметтегі мансабым дәл сол кезеңнен кейін аяқталды», – деп жазды ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы.

Оның айтуынша, әкімшілік қысым арқылы бақылауды сақтап қалуға ұмтылу әрекеттері өткеннің қателіктерін қайталайды, бұл елді ауыр дағдарыстарға ұрындырған. 

«Еліміздің саяси және қоғамдық өміріндегі өзгерістерді бақылап отырып, тарихтан дұрыс сабақ алынбаған жағдайда оның қайталана береді деген қорытындыға келдім. Әкімшілік қысым арқылы бақылауды сақтауға және азаматтардың пікірінен жасанды түрде оқшаулауға тырысу арқылы қазіргі құрылымдар бір кездері елді ауыр дағдарысқа алып келген жолды қайталап отыр.  Мемлекеттің шынайы күші – халықтың үнін еститін институттарында және шындыққа тіке қарай алатын қабілетінде. Ал бұранданы шегіне дейін қатайтып, ақырында оның жұлынып қалуында емес», – деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетейік, Нартай Дүтбаев ҰҚК-ны 2001 жылдың желтоқсанынан 2006 жылдың ақпанына дейін басқарды.

Еске салайық, Нартай Дүтбаев 2017 жылдың қыркүйегінде сотталған болатын. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы мемлекеттік құпияны жария еткені, қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. Ол жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылған, сондай-ақ, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынған.

Кейін Нартай Дүтбаевқа жаңа іс бойынша айып тағылғаны белгілі болды. Осыған байланысты, 2018 жылдың ақпанында оның жазасы 12 жылға ұзартылған. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы билігін асыра пайдаланып, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп немесе ысырап еткені үшін, сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылған.

2019 жылы 22 қаңтарда Қазақстан Жоғары сотының кассациялық инстанциясында өткен отырыста Нартай Дүтбаевтың бас бостандығынан айыру мерзімі 12 жылдан 11 жылға дейін қысқартылған болатын.

Ал 2020 жылы Дүтбаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий