Назарбаевтың 21 жастағы ұлы Тауман үйленгелі жатыр
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әсел Исаевадан туған ұлы Тауман Назарбаев үйленгелі жатыр, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.
21 жастағы Тауманның үйлену тойы Астанадағы ең қымбат қонақүйлердің бірінде өтеді деп жоспарланған.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, той The Ritz-Carlton, Astana қонақүйінде ұйымдастырылмақ. Қонақтар қатарында ірі кәсіпкерлер, саясаткерлер және Назарбаев президент болған кезеңде ықпалды болған тұлғалар болуы мүмкін.
Сондай-ақ тойға байланысты қонақүй маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілгені айтылған. Аумақты алдын ала қоршау жұмыстары басталған деген ақпарат бар.
Тауман Назарбаев 2005 жылы дүниеге келген. Оның анасы Әсел Исаева 1999 жылы «Қазақстан аруы» атанған. Ол кей деректерде Әсел Құрманбаева деген есіммен де аталады.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2023 жылы жарық көрген естелік кітабында Әселмен мұсылман дәстүрі бойынша некелескенін жазған. Осы некеден екі ұлы – Тауман және 2008 жылы туған Байкен дүниеге келген.
Тауманның есімі бұған дейін де ақпарат құралдарында аталған. 2024 жылы ол Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріндегі New York University Abu Dhabi кампусында жүрген кезінде көпшілік назарына түскен.
Ал 2023 жылы әлеуметтік желіде Тауманның сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызы Анадэль Майдановамен сөз байласқаны туралы ақпарат тараған. Алайда кейін бұл мәліметті министрлік жоққа шығарып, олардың тек сыныптас болғанын мәлімдеген.
Соңғы жаңалықтар