Немересін алып кетуге келген: Астанада Ресейдің сұрауымен Украина азаматы ұсталды

02.10.2026 • 13:13 Қарақат АСЫЛОВА
Немересін алып кетуге келген: Астанада Ресейдің сұрауымен Украина азаматы ұсталды
392
Фото: polisia.kz

Немересін алып кету үшін Астанаға келген Украина азаматы Любовь Рожанская әуежайда ұсталды. Оның адвокаттары әйелді Ресейге жіберуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz Deutsche Welle (DW) басылымына сілтеме жасап.

Рожанская 2026 жылғы 1 қазанда Ыстанбұлдан ұшып келіп, шекара бақылауынан өтіп жатқанда ұсталған. Адвокат Алексей Прянишниковтің DW-ге айтуынша, Ресей оны ұстау туралы сұрауды Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) арқылы жолдаған.

Астаналық адвокат Риза Нұрбаева да бұл ақпаратты растады. Оның сөзінше, әйел қазір елордадағы тергеу изоляторында отыр, ал сот алдағы 3 күн ішінде өтуі мүмкін.

Немересіне қатысты дау неден басталған?

Прянишниковтің айтуынша, Рожанская немересін Астанада күткен, баланы сол жерге Ресейден әкелуге тиіс болған.

Баланың анасы, Украина азаматы Алла Андреева (Сончик) Одессада алғашқы некесінен туған ұлымен бірге тұрған. 2018 жылы дүниеге келген баласын ол 2021 жылы Ресейдің Калининград облысына алып барып, сол жақта қалған. Онда әйелдің екінші күйеуінің отбасы тұрады, күйеуі Ресей азаматы.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, 2022 жылғы наурызда Андреева Ресейдің Ішкі істер министрлігіне өзі мен баласының Украина азаматтығынан бас тартқысы келетінін жазған. Сол жылы екеуі де Ресей азаматтығын алған.

Алайда баланың әкесі Украинада сотқа жүгініп, 2025 жылғы наурызда елдің Жоғарғы соты ұлдың Одессада, Украина азаматы әкесімен бірге тұруы керек деген шешім шығарған.

2026 жылғы шілдеде баланың анасының екінші күйеуі Виталий Андреев пен оның әкесі Вячеслав Андреев Рожанскаяға хабарласқан. Адвокаттың сөзінше, бала Вячеславтың үйінде тұрған, ал олар оны туған әкесі мен әжесіне беруді ұсынған.

Келіссөз жүріп жатқанда қамауға алу құжаттары дайындалған

27 тамызда Андреевтер мен Рожанская келіссөз жүргізіп жатқан кезде, Калининградтың Орталық аудандық соты әйелді қамауға алу туралы қаулы шығарып қойған. Ол Калининград облысындағы Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) тергеу тобы басшысының өтініші бойынша қабылданған.

Прянишниковтің айтуынша, Ресей ҰҚШҰ арқылы жолдаған экстрадиция құжаттарынан келіссөзбен қатар әйелді іздеуге жариялау және Ресейге беру құжаттары әзірленгені көрінеді. Адвокат Рожанская немересін қатты жақсы көргендіктен, ескертулерге қарамастан Астанаға барғанын айтты.

Нұрбаева Ресейде әйелге қатысты қылмыстық іс бар екенін растады.

«Оған 2023 жылдан бері бала ұрлауға оқталды деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Ол мұны білмеген, өйткені Ресейге мүлде бармаған. Қазақстанға келгенде Калининград сотының қаулысы бойынша ұсталды», деді адвокат DW-ге.

Ал Прянишников бұл жағдайды алдын ала жоспарланған операция және ФСБ-ның арандатуы деп санайды. Оның болжамынша, бұған қызметте көзге түсіп, қылмыстарды ашу көрсеткішін жақсарту ниеті себеп болуы мүмкін.

«Сырттай отбасылық дау сияқты көрінгенімен, бұл істен Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты саяси астарды көріп отырмын», деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий