«Аузы мен қолын бинтпен байлаған»: Алматыда жалаңаяқ көмек сұраған ананың видеосы тарады
Алматыда жалаңаяқ көшеге шығып, жылап көмек сұраған әйелдің видеосы тарады. Оны жариялаған ер адамның айтуынша, әйелді ұлы ұрып-соғып, үйде байлап ұстаған. Осы оқиғаға қатысты Politico.kz қалалық полиция департаментінен пікір алды.
Видео авторы ұлының анасына отбасына араласа беретінін айтып, күш көрсеткенін жеткізді. Оның сөзінше, әйелдің аузы мен қолын 5 метрлік бинтпен байлаған, ал ана үйден қашып шығып, өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұраған.
Ер адам әйелге су мен аяқ киім беріп, 102 нөміріне хабарласқанын, кейін оны полицияға тапсырғанын айтты.
Алматы қаласының полиция департаменті Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімнің тергеуді бастағанын хабарлады.
«Әйелдің жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта ол полиция бөлімінде түсініктеме беріп жатыр. Сонымен қатар, аталған жағдайға қатысты бұған дейін полицияға ешқандай өтініш немесе хабарлама түспеген», деп жауап берді ведомство.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Департамент тексеру нәтижесіне қарай құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар