Непалда жоғалған екі қазақстандық әлі табылмады: СІМ мәлімдеме жасады
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат аймағында болуы мүмкін қазақстандықтардың жағдайын бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Непал тарапының мәліметінше, елдегі іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазіргі уақытта зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың кімге тиесілі екені анықталуда.
Ал Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қытай тарапы мәйіттерді анықтау және генетикалық сараптама жүргізу жұмыстарын да қолға алған.
Бұған дейін үш қазақстандық турист хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған. Олардың екеуі Непалда, біреуі Қытайда болуы мүмкін деген ақпарат тараған.
Непалда болуы мүмкін деп есептелген қазақстандықтардың бірімен байланыс орнатылды. Оның табиғи апат болған аймаққа барудан бас тартқаны анықталған. Қазіргі уақытта ол Қазақстанда.
Ал қалған екі қазақстандықтың орналасқан жері әзірге белгісіз. Олардың туыстары қажетті рәсімдерден өтіп, Непал мен Қытайдың құзыретті органдарының талаптарына сәйкес ДНҚ сараптамасы үшін биологиялық материал тапсырған.
Қазақстандық дипломаттар хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың отбасыларымен тұрақты байланыста болып, қажетті қолдау көрсетіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар