Нұрай Серікбайдың отбасы сотталушыдан 10 млрд талап етті
Шымкентте аса қатыгездікпен өлтірілген 21 жастағы Нұрай Серікбайдың туыстары сотта айыпталушы Шерхан Аймаханнан моральдық шығын ретінде 10 млрд теңге өндіруді сұрап, сотта жеңіске жеткен жағдайда бұл қаражатты толығымен қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтемемен.
Тамыз айының 7 күні қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өткен отырыс барысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы Аянхан Омаров материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық шағым түсірді. Адвокаттың мәліметіне сүйенсек, марқұмды жерлеуге, қырқын беруге, ескерткіш орнатуға және сот процестері мен көлік шығындарына отбасы жалпы көлемі 14 739 065 теңге жұмсаған — бұл материалдық шығын.
Ал қыздарынан айырылған ата-ананың жан азабын өтеу мақсатында қорғаушы айыпталушы Шерхан Аймаханұлы Аймаханнан 10 млрд теңге көлемінде өтемақы сұрап отыр. Дегенмен ол ешқандай миллиардтаған қаржы ата-анаға жалғыз қызын, ал ағаларына қарындасын қайтарып бере алмайтынын атап өтті.
«Ата-аналар сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен өсірген жалғыз қызынан айырылды, оның ағалары сүйікті қарындасын жоғалтты, баласынан айырылған ата-ананың қайғысы мен азабын ешқандай материалдық құндылықтармен өлшеу мүмкін емес, өтемақы мөлшері қандай болса да ол Нұрайды қайтара алмайды және оны жоғалтудың азабын жеңілдетпейді», – деді адвокат Аянхан Омаров.
Сот шағымды қанағаттандырған жағдайда жәбірленуші тарап моральдық шығын ретінде өндірілген барлық соманы тек қайырымдылық мақсатқа бағыттауды жоспарлап отыр. Алайда шағым оқылғаннан кейін судьяның сұрағына жауап берген айыпталушы бұл талаптармен мүлдем келіспейтінін жеткізді.
Еске салайық, 28 жастағы күдіктіге адамды аса қатыгездікпен өлтіру, неке қиюға мәжбүрлеу және адамды аңдып, қудалау баптары бойынша айып тағылып отыр. Прокурордың мәліметінше айыпталушы 2025 жылдың жазында Нұраймен танысып, күзде оны күштеп Алматыдан Түркістан облысына алып қашқан, алайда қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне аман-есен қайтарып алған. Бұдан кейін ер адам жәбірленушіні тоқтаусыз аңдып, бірнеше күн ішінде оған 154 рет қоңырау шалған және Алматыдағы үйінің жанында торуылдаған. Ақыры 2026 жылдың 11 қаңтарында ол Шымкенттегі ата-анасының үйінің жанында қызға пышақпен шабуыл жасап, салдарынан бойжеткен оқиға орнында көз жұмды.
Қазіргі таңда сот ісі жалғасып жатыр
Соңғы жаңалықтар