Нұрлан Сабуровқа қатысты күмәнді ақпараттың ақ-қарасы анықталды

05.06.2026 18:11 Қарақат АСЫЛОВА
Нұрлан Сабуровқа қатысты күмәнді ақпараттың ақ-қарасы анықталды
188
Нұрлан Сабуровқа қатысты тексеру немен аяқталды?

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзілкеш Нұрлан Сабуровке қатысты жүргізілген тексеру нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Нұрлан Сабуровтың Украинадағы соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскери қызметкерлерге қаржылай көмек көрсеткені туралы ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты БАҚ өкілдері ҰҚК-ге ресми сауал жолдап, комиктің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар-жоғын анықтауды сұраған.

Атап айтқанда, тексеру барысында Қылмыстық кодекстің 170-бабында көзделген жалдамалылық фактісінің болуы қарастырылған. Бұл бап бойынша адамдарды қарулы қақтығыстарға тарту, қаржыландыру немесе пайдалану ауыр қылмыс саналады.

Бұған дейін ҰҚК аталған ақпарат назарға алынғанын және тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді. Кейінгі ресми жауапта ведомство тексеру жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді.

«Тексеру іс-шараларының нәтижесінде құқық бұзушылық белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады ҰҚК.

Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қатысты журналистер Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен де пікір сұраған болатын. Ол бұл мәселе жан-жақты зерттеуді қажет ететінін айтып, Қылмыстық кодекстің 170-бабы бойынша тексеру жүргізу ҰҚК құзыретіне жататынын мәлімдеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий