Тоқаев әлем елдерін құрдымға кетпеу үшін ауызбіршілікке шақырды
Астана халықаралық форумында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік қонақтар алдында сөз сөйлеп, әлемдік қоғамдастықты мазмұнды диалогқа шақырды және болашаққа қатысты түрлі сценарий күтіп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы үкімет, дипломатия, бизнес пен академиялық орта өкілдерімен кездескеніне қуанышты екенін жеткізді. Ол Руанда президенті Поль Кагаме, Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновская-Давкова, Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе және БҰҰ бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун сынды арнайы қонақтарға алғыс айтты.
Президенттің сөзінше әлемнің түкпір-түкпірінен келген меймандар форумға өз тәжірибесі мен көзқарасын ала келеді.
«Алдымызда келешектің түрлі сценарийі күтіп тұр, бірі үміт ұялатады, бірі қауіп-қатерге толы. Бәріне ортақ өркениет жолын таңдаймыз ба, әлде жікке бөлініп құрдымға кетеміз бе, оны үркердей топтың мәлімдемесі емес, көптің ауызбіршілігі шешуі қажет», – деді Тоқаев.
Биылғы жиын ақыл-ой қосу арқылы келешекті бағдарлауға арналған. Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерді жалғыз еңсеру мүмкін еместігін айтып, дипломатия ресми хаттамадан шығып терең адами қарым-қатынасқа көшуі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше адамдар арасындағы сенім мен білім алмасу халықаралық қатынастардың жаңа іргетасын қалайды.
Бұл туралы сөз қозғаған президент Қазақстан жаңа идеялар мен бітімгерлік шешімдер ұсыну арқылы жаһандық өзгерістерге үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді. Сөз соңында ол бұл алаң тек тың ойлар айтылатын емес, батыл қадамдар жасалатын ортаға айналуы керектігін ескертіп, жиналғандарды мазмұнды диалог орнатуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар