Нұрсұлтан Назарбаев 85 жылдық алтын мерейтойын қалай атап өтеді?

2025 жылғы 6 шілдеде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 85 жасқа толады. Көпшілік «алтын мерейтой» деп атайтын елеулі белесті республика қалай атап өтеді? Kursiv.Media жергілікті саясаттанушылар мен саясаткерлердің пікірін білді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
6 шілде биыл демалыс күндердің біріне түсіп тұрғандықтан, қазақстандықтар жексенбімен бірге дүйсенбіде де демалады. Астана күнін 2008 жылы сол кезде билік басында отырған Назарбаевтың өзі бекіткен. 2009 жылы елбасының туған күніне сәйкес келетін бұл күн мемлекеттік мерекеге айналды. Республика тұрғындары содан бері ұзақ уақыт бойы оны экс-президент мерекесі деп қабылдап келген. Қазір ше?
Назарбаев – саяси бэкграунды бай ықпалды тұлға
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, қазір халықтың көп бөлігі шілдедегі жалғыз мемлекеттік мерекені Астана күні ғана деп қабылдайды.
«Саясаткер туған күн – оның жеке мерекесі. Мемлекет ісіне ешқандай қатысы жоқ. Халықтың басым бөлігі жалпы саяси жағдайды жақсы түсінеді. Сондықтан олар экс-президенттің туған күнін атап өтпейді деп ойлаймын. Өйткені тұрғындардың дені 6 шілдедегі демалысты Астана күні ретінде қабылдайды», – деп топшылайды Әбішев.
85 жас – көпшілігі «алтын мерейтой» деп атайтын елеулі белес. Посткеңестік елдерде осынау кемеңгер жасқа толған қоғам және мәдениет қайраткерлерін мемлекет деңгейінде өтетін дәстүр қалыптасқан. Шамамен 30 жыл ел биліген Назарбаевтың туған күні биыл қалай атап өтіледі?
«Экс-президенттің өзі атап өтетін шығар. Өз күнін тойлауға құқылы. Оның жақын туыстары, сонымен байланысын үзбеген адамдар да туған күн тойлайды. Бұрынғы президенттің саяси бэкграундын, ықпалды тұлға екенін ескерсек – ел ішіндегі, шетелден де танымал тұлғалар туған күн иесін құттықтайтыны анық. Алайда бұл күн мемлекет деңгейінде атап өтілмейді», – дейді Әбішев.
Қарапайым зейнеткердің мерейтойы ғана
Назарбаев билігі кезінде оппозициялық газет шығарып, талай рет қудаланған Ермұрат Бапи қазір парламентте отыр. Экс-президентті биік мінберден жиі сынайтын депутаттың да атаулы күнге қатысты айтары бар.
«Биыл ештеңе болмайды. Үкіметтің Назарбаевтың 85 жасқа толуына қатысты ешқандай ұстанымы жоқ. Қарапайым зейнеткердің мерейтойы ғана. Қарапайым күн. Маған өткен 30 жылда да ешқандай айырмашылығы жоқ кәдімгі күн болған», – дейді 66 жастағы депутат.
Дегенмен Бапи Назарбаевтың бұрын ел басқарғанын ескерген Ақорда туған күн иесіне құттықтау жолдауы мүмкін деп есептейді.
«Президент оған бұрынғы мемлекет басшысы ретінде құттықтау жіберуі мүмкін. Алайда билік оның мерейтойын өткізіп бермейді», – деді парламенттің жазғы демалысында Алматыдағы сайлаушыларымен кездесуге келген депутат.
Саясаткер елдегі саяси элитаның Назарбаевпен байланысын үзе қоймаған бір бөлігі 6 шілдені елеусіз қалдыра қоймайтынын да атап өтті.
«Олар бір-бірімен оңаша жолығып, бұрынғы көкелерін құттықтап, тілек айтады. Жазғыратын мәселе емес. Адами қарым-қатынас, өз араларындағы сыйластық. Жақтастары ма, жандайшаптары ма… Бірақ біздің оларға өйтпеңдер деуге қақымыз жоқ», – деп түйіндеді экс-президенттің туған күні туралы ойын Ермұрат Бапи.
Карантин кезіндегі күмәнді отшашу
Саясаттанушы Эдуард Полетаев бұрынғы мемлекет басшысының қазір ешқандай қызметте жоқ екеніне баса назар аудара отырып, бес жыл бұрын болған дауды еске алды.
«Мемлекет басшыларымен кейбір кездесуі болмаса, кейінгі уақытта экс-президенттің белсенділігі көзден тасада өтіп жатыр. Оның 80 жылдығын еске алар болсақ, сол кездегісі көпшілікке ұнай қойған жоқ», – дейді сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 6 шілдеде, коронавирус карантині кезінде, Астана қаласында атылған мерекелік отшашу көпшіліктің наразылығын туғызған.
«Сол кезде мәселені жылы жауып қойған – отшашу жеке адамдардың ақшасынан атылды деп түсіндірген. Соған қарамастан, бес жыл бұрын экс-президент кезінде істес болған басқа да президенттерден көптеген құттықтау жеделхатын алған. Қалай дегенмен, оның саяси билігі ұзаққа созылды. Биыл да соған ұқсас жағдай қаталанатын шығар. Әріптестері, бұрынғы және қазіргі басшылар оған ұзақ өмір, денсаулық тілер», – дейді Полетаев.
Назарбаев және Картер
Саясаттанушының пікірінше, биліктен кеткеніне алты жылдан асқанына қарамастан, біз әлі күнге дейін Назарбаевқа президент ретінде ғана баға беріп жүрміз. Өйткені оның экс-президент ретіндегі бағасын беретін уақыт әлі туа қоймаған секілді.
Бұл ретте Полетаев АҚШ-тың былтыр 100 жасында дүние салған экс-президенті Джимми Картерді мысалға келтірді.
«Картер қайырымдылықпен көп айналысқан. Төрт жылға ғана созылған билігінде әйелдерді, афроамерикалықтарды үлкен қызметке тағайындаған адам. Америкалықтар оны президент емес, экс-президент ретінде жоғары бағалайды. Назарбаев та қайырымдылықтан жұрдай емес. Қор ашқан. Оның құрметіне көше аталып, ескерткіштер ашылған.
Бірақ саясаткердің мұрасын бағалауда әлі де қайшы пікір көп. Соған қарағанда, биылғы мерейтойында оның кезінде жасаған жақсылығы ғана айтылатын шығар. Ал енді саяси лидер, экс-президент ретіндегі бағасын шығаруға әлі ертерек секілді. Күтейік. Жүз жылдығына қарай пісіп жетіліп қалар. Өйткені біздің қазіргі тарихымызда қара дақтар әлі де өше қойған жоқ», – деп түйіндеді экс-президент туралы ойын Эдуард Полетаев.
Соңғы жаңалықтар





