Облыс әкімі жұмысшының өлімінен кейін басшылықпен кездесті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шемонаиха ауданындағы Артемьев шахтасында жұмысшының көз жұмуына байланысты KAZ Minerals тобы мен «Шығыстүстімет» ЖШС басшылығымен кездесті, деп хабарлайды Politico.kz әкімдікке сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, 30 мамыр күні 20.30 шамасында аталған кәсіпорында тау жынысының опырылуы салдарынан бір қызметкер қаза тапқан болатын, ал осыған дейін 9 мамырда дәл осы шахтада шаң-тозаң және желдету қызметінің механигі мерт болып, бір айға жетпейтін уақыт ішінде екінші қайғылы жағдай тіркеліп отыр.

Кездесу барысында аймақ басшысы марқұмның жақындарына көңіл айта отырып, қауіпсіздік техникасы талаптарының қатаң сақталуын және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдаудың маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар ол кәсіпорын мен уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың ашық әрі жедел жүргізілуін талап етті.
Өз кезегінде KAZ Minerals компаниясының өкілдері еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмысты одан әрі жетілдіруге дайын екендерін мәлімдегеннен кейін, облыс әкімі өндірістік нысандардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған қосымша ұсыныстар әзірлеп, оларды салалық министрлікке жолдауды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар