Одессада қазақстандықтарды алдаған алаяқтардың call-орталығы жойылды

22.06.2026 16:23 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Одессада қазақстандықтарды алдаған алаяқтардың call-орталығы жойылды
53
Фото: Украинаның Ұлттық полициясы

Украинаның Одесса қаласында Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан ұйымдасқан алаяқтық call-орталықтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Украинаның Ұлттық полициясы екі елдің бас прокуратураларының қатысуымен бірлескен арнайы операция өткізді. Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде киберқылмыспен айналысып келген. Алдын ала мәліметтер бойынша, қаскөйлердің әрекетінен 120-дан астам адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын көлемі 85 млн теңгеден асты.

Заңсыз әрекетті 25 және 30 жастағы екі Одесса тұрғыны ұйымдастырған. Олар негізінен 17 мен 24 жас аралығындағы жастарды жұмысқа тартып, нақты рөлдері бөлінген қылмыстық құрылым құрған. Топ ішінде әкімшілер, кадр мамандары, ІТ-қызметкерлер мен тәлімгерлер жұмыс істеген.

Алаяқтар тұрғындарға қоңырау шалып, өздерін банк, байланыс операторлары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушілерді қорқытып, психологиялық қысым көрсету үшін жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын қолдана отырып, Ұлттық банк пен күштік құрылым өкілдерін қолдан жасаған. Осыдан кейін азаматтарды телефонға зиянды бағдарламаларды орнатуға көндіріп, смартфондарға рұқсат алған соң жеке деректер мен қаражатты жымқырып отырған.

Халықаралық операция аясында 8 тінту шарасы жүргізілді. Нәтижесінде 2 элиталық автокөлік, 26 компьютер, 49 ұялы құрылғы, сондай-ақ адамдарға психологиялық ықпал ету нұсқаулықтары мен Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бейнеленген заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта Украинаның 9 азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары олардың басқа да интернет-алаяқтық фактілеріне қатысы бар-жоғын тексеруде.

Ішкі істер министрлігі банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан ақшаны қауіпсіз шоттарға аударуды талап етпейтінін және бөгде бағдарламаларды орнатуды сұрамайтынын еске салады.

Войдите, чтобы оставить комментарий