"Адам танымайды": Жүргізушінің ұлы марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады

ЖҮРГІЗУШІНІҢ ОТБАСЫ МАРҚҰМДАРДЫҢ ОТБАСЫНА КӨҢІЛ АЙТТЫ, ДЕП ХАБАРЛАЙДЫ POLITICO.KZ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК ПОРТАЛЫ.
21 тамызда Абай облысының Үржар ауданында үш баланың өмірін қиған жол апатының құрбандары ақтық сапарға шығарылды. Қаралы жиынға жиналған жұрт көз жасын тыя алмады. Осы оқиғаға қатысты жүргізушінің отбасы алғаш рет мәлімдеме жасап, апат кенеттен болған талмадан соң болғанын айтып, марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады.
Қаза тапқан үш баланың екеуі – бір отбасының қыздары – Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылында, ал екі жасар Нұрәділ Елтай ауылында жерленді. Жерлеуге балалардың туыстары, ауылдастары және әкімдік өкілдері қатысты. Алайда, марқұм Нұрәділдің анасы кенже ұлымен қоштаса алмады: ол қазіргі уақытта апаттан аман қалған тағы екі баласымен бірге Астанадағы ауруханада. Дәрігерлер астанадағы балалардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап, олардың әлі де жансақтау бөлімінде екенін хабарлады.
Апатқа себепкер болған 55 жастағы жүргізуші сол ауылдың тұрғыны болып шықты. Ол 20 жыл бойы автобус жүргізген. Жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлының айтуынша, әкесінің денсаулығы нашарлап, кенеттен талмасы ұстаған.
«Әкемнің денсаулығы нашар. Бірақ қамауда отыр. Адам танымайды, өйткені талмасы ұстаған. Талмадан кейін рөлге ие бола алмай қалған, жанында анам да болған. Оқыс жағдай қас-қағым сәтте болған – бұл қайғылы жағдай. Біз көңіл айттық. Кешірім сұраймыз», – деді ол.
Еске сала кетейік, 19 тамызда Бестерек ауылында болған апат салдарынан 3 бала көз жұмып, 3 бала ауруханаға түскен. Тоғыз жасар тағы бір қыз бала әлі Үржар аудандық ауруханасында жатыр. Қазіргі уақытта осы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр, жүргізуші денсаулығына қарамастан қамауға алынған.
Кеше Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова зардап шеккен балалардың жағдайын білген болатын.
Соңғы жаңалықтар





