«Оларды қамау керек»: Бектенов ішкі істер министріне тапсырма берді

22.09.2026 11:57 Әсел МҰРАТ
«Оларды қамау керек»: Бектенов ішкі істер министріне тапсырма берді
434

Премьер-министр Олжас Бектенов түнгі уақытта көлік пен мотоциклден қатты дыбыс шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын жүргізушілерге қатысты шараларды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет отырысында премьер-министр ішкі істер министрі Ержан Саденовтен мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу және кінәлілерді жауапқа тарту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.

«Көлік пен мотоциклмен қатты шу шығаратын жүргізушілерге қатысты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Әсіресе түнгі уақытта. Бұл мәселені сізбен бірнеше рет талқыладық. Қатаң шара қолдану қажет, өйткені олар түнде адамдардың тыныштығын бұзады», – деді Олжас Бектенов.

Ішкі істер министрі полиция қызметкерлері мұндай жағдайларды анықтау бойынша тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтты.

Ержан Саденовтің айтуынша, құқықбұзушыларды анықтауға бейнебақылау жүйелері және тұрғындардың 102 нөміріне жолдаған хабарламалары көмектеседі.

«Жыл басынан бері осындай 782 дерек тіркелді. Барлық құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 55 адам қамауға алынды. Көлік пен мотоциклдер айып тұрағына қойылады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз», – деді министр.

Алайда премьер-министр мұндай жағдайларда тек айыппұл салумен шектелмеу керектігін айтты.

«Мұндай жағдайда айыппұл салудың қажеті жоқ. Құқықбұзушыларды қамауға алу керек», – деді Олжас Бектенов.

Войдите, чтобы оставить комментарий