Өлімге әкелген жол апаты: Шавкат Рахмоновтың жұбайы күдікті деп танылды
Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов өлімге әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша кейбір мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Bestnews.kz тілшісінің сұрағына жауап берген ол Гулайым Рахмонованың аталған іс бойынша күдікті ретінде танылғанын растады.
«Қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр», – деді министрдің орынбасары.
Қайғылы жол апаты 2025 жылдың шілде айында Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, Гулайым Рахмонова ұлы мен құрбыларымен бірге Қарағандыдан Алматыға бағыт алған. Алматы – Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser маркалы жол талғамайтын көлік аударылып кеткен. Тергеу дерегінше, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған.
Апат салдарынан 39 жастағы әйел оқиға орнында қаза тапқан, ал 35 жастағы тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізу кезінде көз жұмған. Гулайым Рахмонова мен оның ұлы Шу қаласындағы ауруханаға жатқызылып, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.
Аталған іс бойынша тергеу жалғасып жатыр, түпкілікті процессуалдық шешім тергеу аяқталғаннан кейін қабылданады.
Айта кетейік, Гулайым Рахмонова — UFC жекпе-жек ұйымында өнер көрсететін қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы.
Соңғы жаңалықтар