"Өліп қал": жоғары лауазымды шенеуніктің әйелін қылқындырып жатқан видеосы тарады
Әлеуметтік желілерде ер адамның әйелге қатыгездік көрсетіп, оны өлтіремін деп қорқытқан видеосы тарады. Жарияланған мәліметке сәйкес, видеодағы адам – Қазақстанға белгілі қоғам қайраткері Арсен Шакуов, деп хабарлайды Politico.kz.
Instagram желісінде жарияланған кадрларда ер адам еденде жатқан әйелді қылқындыру тәсілін қолданып, бейәдеп сөздермен «оны өлтіріп, түрмеге отырғаны артық» екенін айтады. Видео авторы «Арс, жіберші» деп жалбарынады, ал артқы планда балалардың айқайлаған дауысы естіледі.
Видео сипаттамасында келесідей мәлімдеме жасалған:
«Бейнежазбадағы адам – Арсен Шакуов. Құқықбұзушылық жасалған сәтте ол Алматы қаласындағы РСК басшысы қызметін атқарған. Қазіргі уақытта Арсен Шакуов Қазақстан Республикасының Ұлттық Сурдлимпиадалық комитетінің вице-президенті, сондай-ақ Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті. Құқық қорғау органдарынан Шакуовтың күш қолдану және өлтіремін деп қорқыту фактісі бойынша әрекеттеріне құқықтық баға беріп, толық тексеру жүргізіп, қылмыстық заңнама аясында процессуалдық шешім қабылдауды сұраймыз».
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі видеоға қатысты түсініктеме берді.
«Әлеуметтік желілерде өткен жылдың қаңтар айында әйелге қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекеттерге байланысты видео тарады. Ол кезде бұл дерек бойынша жедел шаралар қабылданған. Түрксіб аудандық полиция басқармасы фактіні тіркеп, ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып, тараптар татуласқан», – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Ашық дереккөздерде жарияланған сот қаулысынан оқиғаның 2025 жылғы 26 қаңтарда, шамамен сағат 03:50-де болғаны белгілі болды.
Құжатта: «Шакуов А.К. үйінде жұбайы Шакуова Н.И.-мен жанжал шығарып, тұрмыстық заттарға зақым келтірген. Осы арқылы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заң талаптарын бұзған. Сот отырысында Шакуов А.К. істің материалдарында көрсетілген деректерді растады, жасаған ісіне өкініш білдірді және тараптардың татуласуына байланысты әкімшілік істі тоқтатуды сұрады. Жәбірленуші тарап та сотта көрсетілген фактілерді растады және жазбаша өтініш беріп, істі тоқтатуды сұрады», – деп көрсетілген.
Соңғы жаңалықтар